Литва президенті Елбасын алдағы жылы өз еліне сапармен келуге шақырды
АСТАНА. 6 қазан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Литва президенті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты алдағы жылы өз еліне сапармен келуге шақырды.
Бұл жайында бүгін Ақордада Литва президенті Даля Грибаускайте мәлім етті.
"Екі елдің мемлекет басшылары мен олардың арасындағы қарым-қатынас өте маңызды. Менің ойымша, осы негізде біз бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткіземіз.
Барлық келісімдер мен жоспарланып отырған барша байланыстар аясында мен Қазақстан Президентін алдағы жылы Литваға келуге шақырдым",- деді ол.
Даля Грибаускайтенің сөзіне қарағанда, 2012 жылы екі елдің дипломатиялық қарым-қатынастарының 20 жылдығы мерекеленеді.
«Бұл - өте атаулы дата. Сондай-ақ оңтайлы нәтижелер бар», - деп атап өтті Литва басшысы.
Ол сондай-ақ екі елдің ортақ жобаларын қолдайтындығын, бұл жобалардың бар екендігін және оларды дамытуға әлеуеттері жететіндігін мәлім етті.