Литва үкіметі премьер-министрмен бірге отставкаға кетті
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Инга Ругинене бастаған Литва коалициялық үкіметі тоғыз айлық жұмысынан кейін отставкаға кетті, деп хабарлайды DW.
Жаңа министрлер кабинетін құру міндеті социал-демократтар көшбасшысына жүктеледі деп күтілуде.
Бұл туралы сейсенбі, 23 маусым күні өткен Үкімет отырысында жарияланды. Бұған дейін Литва социал-демократиялық партиясы – ел парламентіндегі ең ірі саяси күш – популистік Заря Немана партиясымен құрылған коалициядан шығу туралы шешім қабылдап, екі басқа саяси күшпен бірге жаңа үкімет құру жөнінде келісімге келген.
Жаңа коалиция құрамына социал-демократтармен бірге Литваның шаруалар, жасылдар және христиан отбасылары одағы және Литва үшін демократтар одағы кіреді.
Жаңа үкіметті социал-демократтардың көшбасшысы Миндаугас Синкявичюс басқарады деп күтілуде. Оның партиясы министрлік портфельдерінің басым бөлігін сақтап қалады.
Инга Ругинене үкіметі 30 маусымнан бастап ресми түрде отставкаға кетуді жоспарлап отыр.
Еске сала кетейік, социал-демократтар 2024 жылғы парламент сайлауында жеңіске жеткен болатын. Олар құрған алғашқы үкіметті Гинтаутас Палуцкас басқарды. Алайда бұл кабинет 2025 жылы жемқорлық жанжалынан кейін отставкаға кетіп, кейін үкімет тізгінін Инга Ругинене қолға алған еді.