Ливанда Израиль әуе соққыларынан қаза тапқандар қатары көбейіп келеді
АСТАНА. KAZINFORM – Ливан Денсаулық сақтау министрлігі 2 наурыздан бері Израиль армиясының әуе шабуылдары салдарынан қаза тапқандар саны 2586 адамға жеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Анадолу агенттігі.
Ведомство Израильдің 2 наурыздан кейінгі шабуылдары нәтижесінде қаза тапқандар мен жараланғандар туралы деректерді жариялады.
Ресми мәліметке сәйкес, аталған кезеңде жараланғандар саны 8020 адамға жеткен.
Министрлік болжамынша, Израиль елді мекендер мен инфрақұрылым нысандарына толассыз соққыларын жалғастырып жатқандықтан, қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны әлі де артуы мүмкін.
Айта кетейік, «Хезболла» ұйымының бас хатшысы Наим Касем дүйсенбі күні Ливанда Израильмен тікелей келіссөздер жүргізу мүмкіндігі талқыланып жатқан тұста мәлімдеме жасағанын жаздық.
Ал оның алдында ғана АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Ливан мен Израиль арасындағы бітім тағы үш аптаға ұзартылғанын хабарлаған еді.