Ливан мен Израиль арасындағы бітім үш аптаға ұзартылды – Трамп

АСТАНА. KAZINFORM – Ливан мен Израиль арасындағы бітім тағы үш аптаға ұзартылды. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді.

Трамп
Фото: citizensforethics.org

Америка басшысының айтуынша, мұндай шешім оның Ақ үйде Израиль мен Ливанның жоғары лауазымды өкілдерімен кездесуі нәтижесінде қабылданған.

– АҚШ Ливанға «Хезболладан» қорғануға көмектесу үшін онымен бірлесе жұмыс істейді, – деп жазды Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде.

Сондай-ақ ол жуық арада Вашингтонда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды және Ливан президенті Джозеф Аунды қабылдауды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Еске сала кетейік, 16 сәуірде Дональд Трамп Израиль мен Ливан 10 күндік бітімге келгенін жариялаған еді. Оған дейін Ақ үйде осы екі ел арасындағы соңғы 34 жылдағы алғашқы екіжақты келіссөздер өткен.

Бұған дейін Израиль Ливанның радикалды «Хезболла» тобының позицияларына соққы жасаған. Аталған топ Иранды қолдау мақсатында Израиль аумағын атқылап келген.

Жарияланған бітімге қарамастан, өңірдегі жағдай әлі де күрделі. Сәрсенбі күні Ливан Израильді әуе шабуылын жасады деп айыптап, соның салдарынан журналист Амаль Халил қаза тауып, тағы бір тілші жараланғанын хабарлады.

Ал Израиль өз әрекетін әскери қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігімен түсіндірді.

Айта кетерлігі, Ливандағы атысты тоқтату Иранның АҚШ-пен жүргізген келіссөздеріндегі негізгі талаптарының бірі болған.

Еске сала кетсек, бұған дейін АҚШ пен Иран келіссөздері аясындағы бітім мерзімі аяқталуға жақын, нәтиже әлі белгісіз екенін жаздық.

Соңғы жаңалықтар