Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ливия мен Қытай юаньмен тікелей есеп айырысуға келісті

АСТАНА. KAZINFORM — Ливия мен Қытайдың орталық банктері ливиялық коммерциялық банктерді Қытайдың трансшекаралық төлем жүйесі – CIPS жүйесіне қосу туралы келісімге келді. Бұл қадам екі ел арасындағы халықаралық қаржылық операцияларды юаньмен тікелей жүргізуге мүмкіндік беріп, АҚШ долларына тәуелділікті азайтуды көздейді, деп хабарлады Euronews.

Ливия мен Қытай юаньмен тікелей есеп айырысуға келісті
Фото: AP Photo

Келісім Ливия Орталық банкінің төрағасы Нажи Мұхаммад Исаның Бейжіңге жасаған сапары кезінде жасалды. Ол Қытай Халық банкінің төрағасы Пань Гуншэнмен кездесіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

CIPS жүйесіне қосылу ливиялық банктерге қытай валютасымен төлемдерді тікелей жіберуге және қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл халықаралық ақша аударымдарын жеделдетіп, делдалдардың санын қысқартады әрі қытайлық серіктестермен есеп айырысуды жеңілдетеді.

CIPS төлем жүйесін Қытай Халық банкі 2015 жылы юаньмен жүргізілетін трансшекаралық операцияларға қызмет көрсету үшін іске қосқан. Жүйе қаржы ұйымдарына дәстүрлі долларлық арналарды пайдаланбай-ақ халықаралық төлемдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді және әлемдік саудада юаньның қолданылу аясын кеңейтуге ықпал етеді.

Тараптар сондай-ақ саудадағы кедергілерді бірлесіп жоюға, қаржылық рәсімдерді жетілдіруге және екі елдің банк жүйелері арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті.

Келесі кезеңде Қытайға тікелей ақша аударымдарын іске қосу және қытайлық банктер арқылы аккредитивтер ашу мүмкіндігі енгізіледі. Тараптардың бағалауынша, бұл компаниялардың, импорттаушылардың және шағын бизнес өкілдерінің жұмысын жеңілдетеді.

Еске салайық, бұған дейін Қытайда тағы 12 банк цифрлық юань жүйесіне қосылғанын хабарлағанбыз.