«Локомотив» АҚ Қазақстанда құрастырылған электровоздардың кезекті легін сатып алуды қаржыландыру туралы келісімге қол қойды

Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
27 мамыр күні кеште Парижде француздық экспорттаушы «Альстром» жасаған тораптардан «Электровоз құрастыру зауыты» АҚ-да құрастырылған электровоздардың кезекті легін сатып алуды қаржыландыру туралы несиелік келісімге қол қойылды. Жоба мәмілесі Француздың «Кофас» («Coface») экспорттық-несиелік агенттігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Шартқа қол қою «Локомотив» АҚ мен «HSBC Франция», «HSBC Bank Kazakhstan», «HSBC Bank Pls» арасында 2012 жылғы 31 мамырда жасалған 200 жүк және 95 жолаушылар электровоздарын сатып алуға Бас негіздемелік келісім ауқымында болды.
«Локомотив» АҚ президенті Марат Медеубаев құжатқа қол қойылғаннан кейін мәмілені ойдағыдай жалғастыру тараптардың өзара тиімді ынтымақтастығын, өзара түсіністігін, құрметін және сенімін білдіреді деп атап көрсетті.
«Global Trade Review» журналының (Лондон, Ұлыбритания) нұсқасы бойынша бұл қаржы мәмілесі экспорттық-несиелік агенттік кепілдігімен жасалған Қазақстандағы ең ірі мәміле екені атап өтілді..