Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Лондон-2012: А.Таңатаров Олимпиада «қоласы» үшін күреседі, құлақ тістегіш үндіс финалда

АСТАНА. 12 тамыз.ҚазАқпарат - Бүгін Лондон Олимпиадасында боз кілемге көтерілген еркін күрес шеберіміз Ақжүрек Таңатаров жартылай финалда үндістандық Сушил Кумарға есе жіберді.

Лондон-2012: А.Таңатаров Олимпиада «қоласы» үшін күреседі, құлақ тістегіш үндіс финалда

Бірінші кезеңде Ақжүрек есе жібергенімен, екінші кезеңде терезе басын теңестірген еді. Дегенмен, үшінші кезеңнің жан беріп, жан алысқан белдесуінде үндістандық палуан Ақжүректің құлағын тістеп қан жоса қылды. Белдесіп жатып-ақ біздің палуан осы жайтты сездіріп, ымдағанымен төреші еш назар аудармады. Осылайша біздің спортшы есе жіберді.  Бірақ, айта кетерлігі,  Ақжүрек лас белдесудің құрбаны болды.

Естеріңізге сала кетейік, 1/8 финалдық белдесу біздің спортшы үшін тартысты өтті. Дегенмен, Ақжүрек украиндық қарсыласы  Андрей Квятковскийден екі кезеңде де басым түсіп, ширек финалға жолдама алған еді. Ал ширек финал белдесуі де барынша шиеленісті өрбіді. Алғашқы кезеңде біздің палуан 3:2 ұпаймен армениялық Давид Сафарияннан басым түсті. Алайда, екінші кезеңде 4:1 ұпаймен алға шыққан армениялықтың жартылай финалға деген ұмтылысы айқын көрініп тұрды. Бірақ, намысты қолдан бермеген Ақжүрек үшінші кезеңді өз пайдасына шеше алған болатын.

Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Лондон олимпиадасында жарыс жолына шыққан Ақжүрек Таңатаров 66 келі салмақ санатында белдеседі. 1986 жылы дүниеге келген ол Жамбыл облысының тумасы. Қазақстанның төрт дүркін чемпионы. Астанада күрес түрлерінен өткен Олимпиадалық іріктеу жарысында А.Таңатаров күміс жүлдеге ие болып, лицензияны қанжығасына байлаған.