Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Лондон-2012: А.Таңатаров жартылай финалда Үндістан палуанымен белдеседі

АСТАНА. 12 тамыз.ҚазАқпарат - Бүгін Лондон Олимпиадасында боз кілемге көтерілетін еркін күрес шеберіміз Ақжүрек Таңатаров жартылай финалда үндістандық Сушил Кумармен айқасады.

Лондон-2012: А.Таңатаров жартылай финалда Үндістан палуанымен белдеседі

Естеріңізге сала кетейік, 1/8 финалдық белдесу біздің спортшы үшін тартысты өтті. Дегенмен, Ақжүрек украиндық қарсыласы  Андрей Квятковскийден екі кезеңде де басым түсіп, ширек финалға жолдама алған еді. Ал ширек финал белдесуі де барынша шиеленісті өрбіді. Алғашқы кезеңде біздің палуан 3:2 ұпаймен армениялық Давид Сафарияннан басым түсті. Алайда, екінші кезеңде 4:1 ұпаймен алға шыққан армениялықтың жартылай финалға деген ұмтылысы айқын көрініп тұрды. Бірақ, намысты қолдан бермеген Ақжүрек үшінші кезеңді өз пайдасына шеше алған болатын.

Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Лондон олимпиадасында жарыс жолына шыққан Ақжүрек Таңатаров 66 келі салмақ санатында белдеседі. 1986 жылы дүниеге келген ол Жамбыл облысының тумасы. Қазақстанның төрт дүркін чемпионы. Астанада күрес түрлерінен өткен Олимпиадалық іріктеу жарысында А.Таңатаров күміс жүлдеге ие болып, лицензияны қанжығасына байлаған.