Лондон-2012: А.Таңатаров жартылай финалға жолдама алды
АСТАНА. 12 тамыз.ҚазАқпарат - Бүгін Лондон Олимпиадасында боз кілемге көтерілген еркін күрес шеберіміз Ақжүрек Таңатаров ширек финалда армениялық Давид Сафариянды қапы қалдырды.
Ширек финал белдесуі барынша тартысты өтті. Алғашқы кезеңде біздің палуан 3:2 ұпаймен басым түскен еді. Дегенмен, екінші кезеңде 4:1 ұпаймен алға шыққан армениялықтың жартылай финалға деген ұмтылысы айқын көрініп тұрды. Бірақ, намысты қолдан бермеген Ақжүрек үшінші кезеңді өз пайдасына шеше алды.
Естеріңізге сала кетейік, 1/8 финалдық белдесу де біздің спортшы үшін тартысты өтті. Дегенмен Ақжүрек украиндық қарсыласы Андрей Квятковскийден екі кезеңде де басым түсіп, ширек финалға жолдама алған еді.
Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Лондон олимпиадасында жарыс жолына шыққан Ақжүрек Таңатаров 66 келі салмақ санатында белдеседі. 1986 жылы дүниеге келген ол Жамбыл облысының тумасы. Қазақстанның төрт дүркін чемпионы. Астанада күрес түрлерінен өткен Олимпиадалық іріктеу жарысында А.Таңатаров күміс жүлдеге ие болып, лицензияны қанжығасына байлаған болатын.