Лондон-2012: Д.Шабанбай жартылай финал жолында грузиядық палуанмен белдеседі
АСТАНА. 11 тамыз. ҚазАқпарат - Лондонда өтіп жатқан ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында еркін күрес шебері Дәулет Шабандай жартылай финал жолдамасын грузиялық палуан Давид Модзманашвилимен сарапқа салады.
Естеріңізге сала кетейік, Д. Шабанбайдың 1/8 финалдағы румыниялық Даниэл Чинтоанмен арадағы белдесуі барынша тартысты өтті. Алғашқы кезеңде румындық 3 ұпаймен алға шықса, келесі кезеңде біздің палуан 5:2 есебімен басым түсті. Ал соңғы кезеңде барын салған Дәулет 1 ұпай еншілеп, ширек финалға шыққан еді.
1983 жылы дүниеге келген Дәулет Шабанбай 120 келі салмақ санатында жарыс жолына шықты. Павлодар облысының атынан өнер көрсететін ол Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, Азияның екі дүркін жүлдегері.