Лондон 2012: таэквандошы Ф.Ергешованың ширек финалға өтуге мүмкіндігі болды
АСТАНА. 11 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Лондон Олимпиадасында 67 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Феруза Ергешова словениялық таэквандошыға есе жіберіп, ширек финалға шыға алмады.
Қазақстандық спортшының өз қарсыласын жеңуге мүмкіндігі болды. Бірінші және екінші раундта ол словениялық таэквандошы Нусе Райхерге 5:3 және 4:2 болып жеңілсе де, соңғы раундта 11:7 есебімен басым түсе білді. Қорытынды нәтиже - 16:16. Бірақ қосымша уақытта Феруза өз қарсыласына бір ұпай жіберіп қойды. Сөйтіп, біздің жерлесіміз жеңіліп, ширек финалға өте алмады.