Лондон, Париж, Рим, Вена: елордадан Еуропа елдеріне тікелей әуе рейстері ашылады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов осы жылдың соңына дейін елордадан Токио мен Нью-Йоркке тікелей әуе рейсін ашуды тапсырды. 

Лондон, Париж, Рим, Вена: елордадан Еуропа елдеріне тікелей әуе рейстері ашылады
Фото: Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайы

— Мемлекет басшысы біздің алдымызға Қазақстанды өңірдегі жетекші авиациялық хабқа айналдыру туралы стратегиялық міндет қойды. Аталған мақсатқа жету үшін қолданыстағы әуежай инфрақұрылымын жаңғырту, отандық және халықаралық әуе компанияларына қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды жұмыс істеліп жатыр. Әуе кемелерінің паркі мен тасымалдау географиясы кеңейіп келеді. Цифрлық шешімдер, соның ішінде жасанды интеллект технологиялары белсенді түрде енгізіліп жатыр. Көлік министрлігі қажетті инфрақұрылымды, сервис пен техниканы үнемі жаңартып, нарық пен технологияларға әрдайым талдау жүргізіп отыруға тиіс, — деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) стратегиялық жоспарына сәйкес, 2050-ші жылға қарай жолаушылар саны жылына 12 миллиардтан асады, ал коммерциялық ұшақтардың әлемдік паркі 2034-ші жылға қарай екі есеге артады.

— Мұндай жағдайда біз әлемдік авиацияның жаһандық жүйесіне ене отырып, өз орнымызды иеленуіміз керек. Жаңа халықаралық бағыттарды, атап айтқанда Еуропалық одақ елдері мен АҚШ-қа рейстер ашу жұмысын жеделдету қажет. Бұл ретте, билет бағасы бәсекеге қабілетті болуға тиіс. Әсіресе, Астанадан ұшатын халықаралық әуе бағыттарына ерекше назар аударған жөн. Осыған орай Көлік министрлігіне Air Astana компаниясымен бірге осы жылдың соңына дейін елордамыздан Токио мен Нью-Йоркке, ал 2027-ші жылы — Астанадан Лондон, Париж, Рим, Вена сияқты Еуропа елдерінің астаналары мен басқа да қалаларына тікелей әуе қатынастарын ашуды тапсырамын. Инвесторлар мен туристерді тартамыз десек, бұл — өте маңызды мәселе, — деді Үкімет басшысы.

Бұған дейін Токио, Сингапур, Нью-Йоркке Қазақстаннан әуе рейстері ашылатынын жазған едік.