Лондонның мәртебелі лорд-мэрі Қазақстанға сапарлайды
АСТАНА. 25 маусым. ҚазАқпарат - 27-29 маусым аралығында елімізге Лондон қаласының мәртебелі лорд-мэрі Олдермен Дэвид Вуттон жұмыс сапарымен келеді.
Бұл туралы бүгін апталық брифинг барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
«Сапар барысында құрметті қонақ өзімен бірге келетін Ұлыбританияның белгілі орта және шағын бизнес өкілдерімен Астана мен Алматы қалаларында болып, еліміздің саяси және іскер топтарының басшыларымен кездесулерін жоспарлап отыр», - деді ол.
Ресми өкілдің айтуынша, мәртебелі лорд-мэр сапарының негізгі мақсаты - жетекші халықаралық қаржылық орталық болып табылатын Лондонның тәжірибесіне негізделе отырып, Астана мен Алматы қалаларында қаржылық және кәсіби қызмет салаларын одан әрі сапалы дамыту.