«LOTUS FEST-2026» фестивалінің ашылу салтанатына 3 мыңға жуық адам қатысты
АТЫРАУ. KAZINFORM — Құрманғазы ауданына қарасты Теңіз ауылында «LOTUS FEST-2026» мәдени-туристік фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті
Фестивальдің ресми бөлімінде Құрманғазы ауданының әкімі Абат Жанғалиев қатысып, тұрғындар мен қонақтарды айтулы шараның ашылуымен құттықтады.
— Бүгінгі «LOTUS FEST-2026» фестивалінің ашылуымен құттықтаймын. Бұл іс-шара — лотос алқабының табиғи сұлулығын көпшілікке танытып қана қоймай, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, осындай ерекше табиғи нысандарды туристік бағытқа айналдырып, Атырауға келетін қонақтар санын көбейтуге жол ашады, — деді аудан әкімі.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Көрермендер алдында «Sarmad» этно-фольклорлық ансамблі, «Жайық қызы» халықтық би ансамблі өнер көрсетіп, эстрада жұлдызы Қуандық Рахым ән шырқады.
Фестиваль лотос алқабының табиғи ерекшелігін танытып, өңірдің мәдени және туристік әлеуетін кеңінен насихаттауға бағытталды.