Louis Vuitton-нан шақырту алған қазақстандық: Жобамды сатып алуға ұсыныстар болды

Атап айтқанда, «Бес тас», «Құмар», «Ағаш үй» бестемшесі, «Тұмар» бестемшесі, «Тоғызқұмалақ» ойындары қазақтың ою өрнегі бар функционалды қоржын түрінде ұсынылған.
Қазақстандық өнерпаздың киіз үй түріндегі ойындарына әйгілі Louis Vuitton сән үйі қызығушылық танытты. Қазір ол алыс сапарға қызу дайындалып жатыр. Талантты жерлесіміздің шетелге іс-сапарын ұйымдастыруды «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы мойнына алды.
«Алдымен айтарым, мен кәсіби маман емеспін. Сән, дизайнға қатысым жоқ. Бұл – менің хоббиім. Сонымен қатар, шығармашылықты бизнес үшін бастаған жоқпын. Кішкене де болса халыққа пайдам тисе деген ой болды. Бірақ, уақыт өте келе қаржыдан қиналғандықтан, сүйікті ісімді кәсіпке айналдыруға тура келді. Бір ойын тақтасын жасауға шамамен бір айға жуық уақыт кетеді. Сұраныс жоғары, әсіресе Алматыдан жиі түседі. Жуырда елордадан тапсырыс болды, бүкіл ойынымды сатып алды», - деді Айнұр Полатова елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Жерлесіміз идеясын кәсіп түрінде емес, ұлттық бренд ретінде одан әрі дамытқысы келеді. Сол үшін де бүгінде патенттеу жағын қарастырып жатыр.
«Жұмысымның авторлығын заңдастыру, патенттеу жағын қазірден қарастырып жатырмын. Әрине, Louis Vuitton сән үйімен коллаборация жасаған жақсы. Дегенмен, авторлық құқық – өте маңызды дүние. Сол себепті, бүгінде «Қазпатент» ұлттық зияткерлік институтына өтініш беріп қойдым. Басында қиын болғаны рас. Кәсібімді дамыту үшін несие де алдым. Бәріне қол сілтей салғым келген сәт болды, тіпті сатқым да келді. Оның үстіне, менің жобамды толықтай сатып алғысы келіп, сомасын ұсынғандар да болды. Бірақ, уақыт өте келе бастаған авторлық ісімді тастамау керектігін түсініп, жалғастырдым», - дейді ол.
Еске салайық, киіз үй түрінде сөмке жасайтын қазақстандықтың жобасына Louis Vuitton сән компаниясының қызығушылық танытқаны туралы хабарлаған едік.
