LRT жүйесінде қауіпсіздік ережесін бұзған жолаушылар бейнебақылау арқылы анықталып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – LRT жүйесінде жолаушылар тарапынан қауіпсіздік ережелерін бұзу жағдайлары тіркелді. Бұл туралы City Transportation Systems мекемесі хабарлады.
Атап айтқанда, жолаушылар арасында келесі қауіпсіздік бұзушылықтары болған:
– станса платформасындағы шұғыл тежеу батырмасын негізсіз басу;
– пойыз ішінде қорғаныш әйнектің артындағы платформалық есіктерді ашу үшін арналған шұғыл батырманы іске қосу;
– вагон есіктерін іштен өз бетінше ашуға әрекет жасау;
– есік жақтауларының арасына қол салып, есіктердің жабылуына кедергі келтіру.
– LRT жүйесі толық автоматтандырылғандықтан, мұндай әрекеттер қауіпсіздік қатері ретінде қаралады. Бұл пойыздың тоқтауына және диспетчерлік қызметтің қосымша тексерулер жүргізуіне әкеледі. Жолаушылардан LRT пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз. Желінің кернеу астында екенін ескеріңіз. Әрбір пойыз құрамында оператор бар, ол тек электр қуаты өшірілгеннен кейін есіктерді аша алады, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, қауіпсіздік ережелерін бұзғандар стансалар мен вагондардағы бейнебақылау камералары арқылы анықталады. Бұл жағдайлар бойынша материалдар құқық қорғау органдарына қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін жолданады.
Еске салсақ, бұған дейін Астанадағы жүргізушісіз LRT пойыздары қалай жұмыс істейтінін жазғанбыз.