Астанадағы жүргізушісіз LRT пойыздары қалай жұмыс істейді

АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы LRT пойыздары автоматты режимде қатынайды. Әр құрамда арнайы оператор болады. Бұл туралы City Transportation Systems өкілдері мәлімдеді. 

Астанадағы жүргізушісіз LRT пойыздары қалай жұмыс істейді
Фото: Агибай Аяпбергенов/ Kazinform

CTS басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаевтың айтуынша, пойыздар жүргізушісіз жүргенімен, әр құрам ішінде оператор тұрақты түрде болады.

— Машинист пойыз ішінде болады, бірақ оны жүргізбейді. Ол тек төтенше жағдай туындаған жағдайда басқаруды өз қолына алады. Сонымен қатар жолаушыларға бағыт-бағдар беріп, қажет кезде көмектеседі, — деді ол LRT инфрақұрылымына арналған баспасөз туры барысында.

LRT пойызының операторы Ержан Садырбаев барлық оператордың теміржол саласында кемінде 10 жыл еңбек өтілі бар екенін айтты.

Оның сөзінше, пойыздарда жолаушыларға арналған арнайы тоқтату тетігі қарастырылмаған.

— Арнайы батырма тек басқару пультінің астында орналасқан. Ол пойызды жүргізген кезде ғана пайдаланылады. Біз рация арқылы диспетчерлік орталыққа бірден хабар береміз. Қажет болған жағдайда барлық пойыз тоқтатылады, — деді ол.

Станциялар мен пойыздардағы қауіпсіздік камералар мен датчиктер арқылы бақыланады. Олардың барлығы Ұшқышсыз пойыздарды басқару орталығына қосылған.

Орталықтағы диспетчерлер пойыз қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылап отырады. Сонымен қатар мамандар көлікке қатысты оқиғаларды саралап, заңбұзушылықтарды фото мен видеоға тіркейді. Бұдан бөлек, маршруттық автобустардың диспетчерлік қызметі мен халықты ақпараттандыру жүйесінің жұмысын үйлестіреді.

LRT қозғалыс диспетчері Медет Алтынбектің айтуынша, әр станцияда кезекші қызметкерлер болады.

— Егер станцияда қандай да бір төтенше жағдай болса, оның бәрі камералар арқылы бақыланады. Біз кез келген пойыз бен станцияны әр бұрыштан көре аламыз, — деді ол.

Оның айтуынша, күрделі жағдай туындаса, пойыз жақын станцияға дейін жеткізіліп, сол жерде жолаушыларға жедел көмек көрсетіледі.

— Егер есік жабылмай қалса немесе біреу қысылып қалса, жүйе оны датчиктер арқылы бірден анықтайды, — деді ол.

Жеңіл рельсті көлік желісі үшін барлығы 19 пойыз қарастырылған. Оның 15-і күнделікті бағытқа шығады, ал 4-еуі резервте болады.

Пойыздардың пайдалану жылдамдығы сағатына 60 шақырым. Ал ең жоғары жылдамдығы сағатына 80 шақырымға дейін жетеді. Әр пойызда 148 отыратын орын бар. 4 бөліктен тұратын құрамдар толық толған кезде 600-ден астам жолаушыны тасымалдай алады.

Еске салсақ, LRT жолаушылар үшін 16–17 мамырда ашылады. Көлік күн сайын сағат 06:00-ден 23:00-ге дейін қатынайды.  Оператордың бағалауынша, жоба іске қосылған алғашқы кезеңде тәулігіне 25 мыңнан 45 мыңға дейін жолаушы тасымалданады.