Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

М. Барманқұлов отандық журналистиканың ғаламтор аясындағы мүмкіндіктерін әлемдік деңгейге паш етті

АЛМАТЫ. 25 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде ғалым, педагог, белгілі ұстаз Марат Барманқұлов оқулары аясында

М. Барманқұлов отандық журналистиканың ғаламтор аясындағы мүмкіндіктерін әлемдік деңгейге паш етті

«Ақпараттық қоғам жағдайындағы электрондық БАҚ: ұлттық және жаһандық мәселелері, таяу болашағы» атты халықаралық «дөңгелек үстел» отырысы өтіп жатыр.

«Электрондық БАҚ жыл өткен сайын қоғамдық өмірде маңызды орын ала бастады. Бұған бірінші кезекте БАҚ-тың жаңа сапасы ғана емес, барлық қоғамның дамуының белгісі - ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуы, ТВ-ның сандық қалыпқа көшуі әсер етеді. Сөзсіз, бұған қоғамдық пікірді қалыптастыру мен жас ұрпақты тәрбиелеуде ықпалы зор контенттің де әсері мол. Менің ойымша, электрондық БАҚ-та оң ақпаратқа үлкен назар аудару керек», - деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов аталмыш жиында.

ҚР Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаевтің айтуынша, Марат Барманқұлов ғаламтор әлеміне есігін ашып, БАҚ болашағын жаһандық кеңістікте көре білген. «Оның есімі көзі тірісінде әлемнің басқа елдерінде танымал болды. Марат Барманқұлов тек журналистика саласы жайындағы кітаптарды жазған жоқ, ол керемет түркология жайындағы басылымдардың авторы. Оның барлық шығармалары интернационализм мен толеранттық идеяларға толы. Ол ойлар барлық уақытта өзекті болмақ», - дейді прфессор.

Телерадиожурналистика кафедрасының меңгерушісі, доцент Гүлмира Сұлтанбаеваның айтуынша, профессор Барманқұловтың ғылыми дүниетаным көкжиегі сегіз қырлы, бір сырлы, ұшы қиыры жоқ ұланғайыр дүние. «Ол отандық журналистика мен радиожурналистиканың ғаламтор аясындағы мүмкіндіктерін зерттеп-зерделеп әлемдік деңгейге паш етті. Ол кісі дүниеден озғаннан кейін журналистика факультетінде оның есімімен ашылған телестудия бүгінде көп игі жұмыстарды атқарып келеді. Ал ғалымды еске алуға арналған «Барманқұлов оқулары» біздің кафедраның жыл сайын өтетін дәстүрлі шарасына айналды», - деді ол.

Дөңгелек үстел жұмысы барысында Оклахома университетінің ғалымдарымен (АҚШ) өтетін онлайн-сұхбат өтеді деп күтілуде.

Марат Кәрібайұлы Барманқұлов Қазақстандағы алғашқы тележурналистердің бірі, телевизиялық және радиожурналистика теориясының, сондай-ақ телевизия және радиожурналистика кафедрасының, ҚазҰУ-дағы телевизиялық және радиостудияның негізін қалаушы. Ол республикалық газет-журналдарда және электрондық БАҚ-тың әр саласында қызмет істейтін журналистердің құрметті ұстазы.

Ғалым-ұстаз алғаш рет Қазақстанда журналистер арасында алғаш рет Интернет әлемінің маңызын, БАҚ-тың болашағы ғаламдық кеңістікте екенін атап кетті. Марат Барманқұлов бірнеше тарихи кітаптардың және журналистиканың теориясы мен тәжірибесіне арналған оқу құралдарының авторы. Ғалымның кітаптарын және басқа да (Марат Кәрібайұлы 17 кітап жариялады) ғылыми-публицистикалық, тарихи-танымдық жарияланымдарын бүгінгі жас ұрпақ та, зиялы қауым да аса қызығып оқиды.


ҚазҰУ-дің телевизия және радиожурналистика кафедрасы мен М.Барманқұлов атындағы ҚазҰУ телерадио кешенінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан дөңгелек үстелде ақпараттық қоғам жағдайында электрондық БАҚ-тың дамуы; Қазақстандағы телекоммуникациялық индсутрияның дамуы: мобильдік телефония, Интернет-пайдалану, коммуникациялық желілер және қызметтер; Ақпараттық қоғамдағы жаңа БАҚ-тың дамуы; Қазақстанның 2015 жылға сандық хабар тарату форматына көшуі; Қазақтілді Интернет-басылымдардың дамуы; Дәстүрлі және жаңа медиа: жаһандану үдерісіндегі өзара әрекеттесу жолдары; Сандық дәуірдегі электрондық журналист мамандарын даярлаудағы жаңа үндеулер мен жаңа талаптар; Электронды БАҚ-тың жастардың рухани-мәдени өміріне ықпалы; ҚР-дағы ақпараттық қоғамның дамуы: проблемасы және таяу болашағы тақырыбындағы мәселелер талқылануда.

Оның жұмысына бұқаралық коммуникация саласын зерттеуші ғалымдар, қазақстандық электрондық БАҚ өкілдері, бұқаралық коммуникация саласының танымал зерттеушілері қатысуда.