ІІМ қызметкерлеріне жаңа пәтер кілттері табысталды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан ішкі істер органдары қызметкерлерінің отбасылары үшін ерекше әрі қуанышты сәт.

ІІМ қызметкерлеріне жаңа пәтер кілттері табысталды
Фото: gov.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігінің баспанаға мұқтаж қызметкерлеріне жаңа пәтер кілттері табысталды. Баспаналы болғандардың қатарында көпбалалы отбасылар және ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі жолында ұзақ жылдар бойы адал қызмет еткен мамандар бар.

Құқық қорғау органдары қызметкерлерін қолдау және оларға лайықты әлеуметтік жағдай жасау — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл бастаманың маңызын арттыра түсетін жайт — мұндай қолдаудың жыл сайынғы игі дәстүрге айналуы. Өткен жылы да полиция қызметкерлерінің отбасылары көптен күткен баспаналарына қол жеткізіп, қоныс тойын тойлаған болатын.

Биыл жаңа пәтер кілттері ІІМ-нің 15 қызметкеріне табысталды. Әрбір жаңа баспананың артында жылдар бойғы жауапты қызмет, күнделікті қажырлы еңбек, жоғары жауапкершілік пен мамандыққа деген адалдық жатыр. Қызметкерлер үшін бұл тек баспана ғана емес, тұрақтылықтың, ертеңгі күнге деген сенімнің және мемлекет қамқорлығының айқын белгісі.

Жаңа пәтер иелерінің бірі — ІІМ көші-қон қызметі комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Айнұр Байгеленова. 

Ол ішкі істер органдарында 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Төрт баланы тәрбиелеп отырған ана.

— Ішкі істер органдарында 20 жылдан астам қызмет етіп келемін. Бүгінгі таңда еңбегім еленіп, отбасымызға жеке баспана берілді. Алдағы уақытта да қызметімді адал әрі жауапкершілікпен жалғастыруға дайынмын, — деді Айнұр Байгеленова.

ІІМ күзет қызметін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Денис Рудковский де мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың маңызын атап өтті.

— Өз атымнан және отбасымның атынан Мемлекет басшысына, сондай-ақ министрімізге қызметкерлерге көрсетіп отырған қамқорлығы мен әлеуметтік мәселелерді шешудегі нақты қолдауы үшін шынайы алғысымды білдіремін. Жеке пәтер кілтін алу — әр отбасы үшін үлкен қуаныш, тұрақтылық пен болашаққа деген сенімнің символы, — деді полиция полковнигі.

Мұндай бастамалар қызметкерлердің әлеуметтік мәселелерін шешіп қана қоймай, құқық қорғау қызметінің беделін арттырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандардың жігері мен сенімін нығайта түседі.

Айта кетелік Отан қорғаушы күнінде әскери қызметшілер баспаналы болған еді.