ІІМ отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын күшейтті

АСТАНА. KAZINFORM – 15–22 ақпан аралығында республика аумағында «Тұрмыс» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz.

Шымкентте тұрмыстық қарым-қатынаста жасалған қылмыс көбейген
Фото: Kazinform

Әйелдердің құқықтарын қорғау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отбасылық құндылықтарды сақтау Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрлігі басшылығының ерекше бақылауында.

Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында, оның ішінде алкогольдік масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған іс-шара аясында полиция қызметкерлері тұрмыста құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды тұрғылықты жері бойынша тексереді. Сонымен қатар қолайсыз отбасылармен профилактикалық жұмыстар жүргізіп, құқықтық ықпал ету шараларын қабылдайды.

Сондай-ақ құқық бұзушылыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау, зардап шеккендерді қорғау және қолдау шаралары қарастырылған. Үкіметтік емес ұйымдармен және дағдарыс орталықтарымен бірлесіп тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына құқықтық әрі консультациялық көмек көрсетіледі.

«Құрметті азаматтар! Біз сіздерді зорлық-зомбылық фактілеріне бей-жай қарамауға шақырамыз. Егер көршілеріңіз, таныстарыңыз немесе туыстарыңыз арасында, не көшеде заңсыз әрекеттерге куә болсаңыз, бейжай қалдырмаңыз. Кейде бір ғана уақытылы қоңырау шалу немесе қарапайым әрекет біреудің өмірін сақтап, бір баланы үрейден қорғай алады. Біз зорлық-зомбылыққа төзбеушілік таныту арқылы ғана қауіпсіз әрі әділ қоғам құра аламыз», – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасының бастығы Ақмарал Серікбаева.

Айта кетейік, Қазақстанда зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға көмек көрсету кабинеттері ашылады.