ІІМ жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар мен ұстаздарға үндеу жасады
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа оқу жылы қарсаңында Ішкі істер министрлігі ата-аналарға, оқушылар мен ұстаздарға балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән беруге шақырды.
Оқу жылы басталғаннан кейін балалардың үйден тыс жерде өткізетін уақыты көбейеді. Олар мектепке өздері барып-қайтып, түрлі үйірме мен спорттық секциясына қатысады. Осыған байланысты ІІМ жолдағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаудың маңызын еске салды.
Министрліктің мәліметінше, жаңа оқу жылына дайындық барысында мектептердің маңындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті жұмыстар жүргізілген. Балаларды тасымалдайтын автобустар да толық тексеруден өткен. Анықталған кемшіліктер бойынша тиісті нұсқамалар беріліп, олар оқу жылы басталғанға дейін жойылуы тиіс.
ІІМ ата-аналарға балаларға мына қауіпсіздік талаптарын түсіндіруді ұсынды:
- жолды тек белгіленген жерден кесіп өту;
- жолдан өтер кезде телефон пайдаланбау;
- құлаққапты шешіп, айналаға мұқият қарау;
- велосипед, мопед және электросамокат мінгенде Жолда жүру қағидаларын сақтау;
- баланың қайда жүргенін және кіммен араласатынын біліп отыру;
- балалармен қауіпсіздік мәселелері туралы жиі сөйлесу.
Полиция баланың қиын жағдайға тап болған кезде ата-анасынан көмек сұрай алатынына сенімді болуы маңызды екенін атап өтті.
Егер балаға қауіп төніп тұрса, 102 нөміріне немесе 111 байланыс орталығына хабарласуға болады.