Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

ІІМ жасөспірімдерге әлеуметтік желідегі қауіпсіздік ережелерін еске салды

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігі жасөспірімдерге интернет кеңістігінде жеке қауіпсіздікке мән беру керегін ескертті.

в
Фото: DW

Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік желілер қарым-қатынас жасауға, білім алуға және өмірдегі сәттермен бөлісуге мүмкіндік бергенімен, жеке мәліметтердің ашық жариялануы қауіп тудыруы мүмкін.

ІІМ негізгі қауіпсіздік ережелерін атады:

  • мекенжай, телефон нөмірі, мектеп атауы, сабақ кестесі және орналасқан жерді анықтауға мүмкіндік беретін басқа да жеке ақпараттарды жарияламау;

  • геолокация көрсетілген фото мен стористерді нақты уақыт режимінде салмау, оларды сол жерден кеткеннен кейін жариялау;

  • достар қатарына тек жеке танитын адамдарды қосу;

  • парақшадағы құпиялық баптауларын реттеп, жарияланымдарды тек сенімді адамдар көре алатындай ету;

  • бейтаныс адамдарға жеке фотоларды, құжаттарды және құпия ақпараттарды жібермеу;

  • күмәнді адамдармен байланысты бірден тоқтату және олардың аккаунттарын бұғаттау.

Министрлік өкілдері бейтаныс адам шамадан тыс қызығушылық танытып, жеке мәліметтерді сұраса, қайда жүргенін білетінін айтса немесе қорқытуға тырысса, бұл туралы ата-анаға, заңды өкілге немесе сенімді ересек адамға міндетті түрде хабарлау қажет екенін айтты.

— Сіздің қауіпсіздігіңіз жазылушылар саны мен лайктардан әлдеқайда маңызды. Цифрлық ортадағы қарапайым ережелерді сақтау жеке деректерді қорғауға және ықтимал қауіптердің алдын алуға көмектеседі, — деп еске салды ІІМ.

Еске салайық, бұған дейін Францияда 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні пайдалануға тыйым салынғанын жазғанбыз.