Мәдениет және ақпарат министрлігінде бос лауазымдарға конкурстық іріктеулер өткізіледі

 
None
None

  

  

АСТАНА. 14 мамыр. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында сөйлеген сөзінде жастар үшін жаңа әлеуметтік лифтілер қалыптастырудың маңыздылығына ерекше назар аударды. Жастар үшін тиімді әлеуметтік лифтілердің бірі мемлекеттік қызмет болып табылады. Статистика бойынша әрбір төртінші мемлекеттік қызметші - жас маман екен.

Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі жазады.

Қазақстанның заңнамаларына сәйкес мемлекеттік қызмет заңдылық, қазақстандық патриотизм, жалпы қол жетiмдiлiк, мемлекеттік қызметшiлердiң кәсiбилiгi мен жоғары бiліктiлiгi, сондай-ақ мемлекеттік құпиялар немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып есептелетiн қызметті қоспағанда, қоғамдық пiкiр мен жариялылықты ескеру принциптерiне негізделеді.

Бұл ретте, тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік қызмет жүйесінің кәсібилігі мен тиімділігін арттыру үшін көптеген жұмыстар атқарылғаны белгілі. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы  21 шілдедегі Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік кызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасында көрсетілгендей «меритократия, тиімділік, нәтижелілік, транспаренттік және қоғамға есептілік қағидаттарына негізделген мемлекеттік қызмет жүйесін бұдан әрі кәсібилендіру мемлекеттік басқару жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін және халыққа сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етудің аса маңызды факторы болып табылады».

Осыған байланысты, Мемлекеттік кызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасында мемлекеттік қызметті бұдан әрі кәсібилендірудің механизмдерін соның ішінде, мемлекеттік қызметке кіру процесстерін      жетілдіруге үлкен мән беріледі.

Азаматтардың мемлекеттік қызметке тең қол жеткізудегі конституциялық құқығы мемлекеттік органдардағы бос лауазымдарға ашық конкурстар өткізу жолымен іске асырылады. Конкурстық іріктеу мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік пен оның аумақтық бөлімшелері өткізетін заңнамаларды білуге арналған тестілеуді өткізу және конкурс жариялаған мемлекеттік органның конкурстық комиссиясының кандидаттармен әңгімелесу өткізуден тұрады.

Мемлекеттік кызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасында атап көрсетілгендей «конкурстық іріктеуді жүргізудің қазіргі кездегі тәжірибесін алғанда, мемлекеттік қызметке кіру кезіндегі конкурстық рәсімдердің әділдігіне азаматтар тарапынан бірқатар сенімсіздік байқалады. Осыған байланысты, мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеу тәртібін жетілдіру және оның транспаренттілігін арттыру қажет».

Осы принципті басшылыққа ала отырып, Мәдениет және ақпарат министрлігі қалың қоғам мен БАҚ-тың кең қатысуымен  министрліктің орталық аппаратындағы бос лауазымдарға конкурстық іріктеу өткізеді.

Конкурстық комиссияның отырысына сенатор, «Нұр Отан» ХДП-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық комиссияның төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Гүлнәр Ықсанова, Мәжіліс депутаты, Қазақстанның Азаматтық Альянсының төрайымы Айгүл Соловьева, Мәжіліс депутаты, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамының төрайымы Светлана Романовская,  «Ұлт тағдыры» ҚБ жетекшісі Досмахамбет Көшім, Қазақстан халқы Ассамблеясынан Мәжіліске сайланған Егор Каппель,   Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов, «Ақжол» партиясынан Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова, «Самрұқ-Қазына» ҰӘҚ әлеуметтік әріптестік орталығының жетекшісі Нұрлан Ерімбетов, Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық институттың жетекшісі Марат Башимов, «Болашақ» бағдарламасының түлектері қауымдастығының атқарушы директоры Ринат Мәженов, «Жас Отан» атқарушы директоры Нұрлан Сыдықов шақырылған. Сондай-ақ, комиссия отырысына БАҚ өкілдері мен атақты блоггерлер де шақырылды.

- Министрлік қызметінің саласы - отандық мәдениетті дамыту, масс-медиа, тілдер, азаматтық қоғам институттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясымен өзара іс-қимыл мәселелері болғандықтан - қоғамның үлкен қызығушылығын тудыратыны анық. Бұл мемлекетіміздің, халқымыздың рухы мен құндылықтарын айқын көрсететін сала. Сондықтан бұл сала қоғамдық шығармашылықты, зиялы қауымның жалпы ұмтылысын аса үлкен дәрежеде талап ететін сала деуге болады. Осыны ескеріп, жақында Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбайдың бастамасымен үш консультативтік-кеңес органы - Мәдениет, тілдер және масс-медианы дамыту мәселелері жөніндегі кеңестер құрылды. Олардың құрамына - депутаттар, ғалымдар, танымал мәдениет және өнер қайраткерлері, БАҚ, шығармашылық одақтардың басшылары, сарапшылар енгізілді. Кеңестің бар күш-жігері саланы дамыту бойынша ұсынымдар әзірлеуге бағытталатын болады. Неге осы тәжірибені кадрларды қалыптастыру процесстерінде қолданбасқа? - деп ойлана отырып, мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен, кураторлармен, әріптестермен, сіздердің барлығыңызбен ақылдаса отырып, бүгінгі комиссияның отырысын осындай барынша ашық форматта өткізуді ұйғардым. Біз осы новацияны қолдаған барлықтарыңызға алғысымызды білдіреміз.

Транспаренттілік, қоғаммен, БАҚ, ҮЕҰ-мен конструктивті өзара іс-қимыл, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру (бұл Мемлекет басшысының барлық мемлекеттік органдардың алдына қойған міндеті), жастарды жан-жақты қолдау - Мәдениет және ақпарат министрлігінің басты назарында болды және болып қала береді. Бұл құндылықтарды біз әдетке айналдырғанбыз дер едім, - деп атап өтті, отырысты ашу кезінде, конкурстық комиссияның төрайымы, Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева.

Ашық конкурс 6 бос лауазымға олардың арасында Стратегиялық жоспарлау және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры, Қаржы департаментінің директоры, Қоғамдық-саяси жұмыстар департаменті директорының орынбасары, мемлекеттік сатып алу және бухгалтерлік есеп басқармасының бастығы, Әкімшілік-құқықтық департаменті сарапшысы және Қоғамдық-саяси жұмыстар департаментінің сарапшысы лауазымдарына Министрлік тарапынан биылғы 14 сәуірде жарияланған болатын. Бос орындар министрліктің қайта құрылымдауынан кейін пайда болған.

Конкурсқа қатысу туралы 106 адам өздерінің өтініштерін берді, соның ішінде:

Стратегиялық жоспарлау және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директорына - 2;

Қаржы департаментінің директорына - 9;

Қоғамдық-саяси жұмыстар департаменті директорының орынбасарына - 12;

Мемлекеттік сатып алу және бухгалтерлік есеп басқармасының бастығына - 11;

Әкімшілік-құқықтық департамент сарапшысына - 9;

Қоғамдық-саяси жұмыстар департаментінің сарапшысына - 66 адам.

7-8 мамырда заңнаманы білу деңгейіне тестілеу өткізіліп, 81 кандидат сәтті өтті. Екі күн ішінде олар конкурстық комиссияда әңгімелесуден өтеді.

Мемлекеттік қызметке орналасуға ниет білдірген кандидаттардың орта жасы - 26 жас. Олардың ішінде экономистерді, заңгерлерді, саясаттанушыларды, тарихшыларды, психологтарды, халықаралық қатынастар мамандарын қоса алғанда оннан аса мамандық өкілдері қатысты. Екі адам ғылым кандидаты мен докторы ғылыми атағын иеленген болса, 12% - екі және одан көп жоғары білім алғандар. Кандидаттар арасында өзге мемлекеттік органдар өкілдері де бар.

Жастардың басым көпшілігі (53 адам) мемлекеттік қызметті Министрліктің Қоғамдық-саяси жұмыстар департаментінде бастауға ниет білдірді. Олардың арасында еліміз бен шет елдердің ондаған жоғары оқу орындарының бітірушілері кездеседі.

- Бұл конкурсты «Болашақ бүгіннен басталады» атты республикалық әлеуметтік акцияға қосқан үлес деп батыл атауға болады. Дайындығы өзгелерден артық кейбір жастар үшін олардың мемлекеттік қызметтегі болашағы бүгін басталады. 19 жыл бұрын университет партасынан мемлекеттік қызметке келген, орталық аппараттағы кадрлық мәселелерге жауапты басшы ретінде, қазіргі таңда мемлекеттік қызметке білімі мен білігі мықты жастар келіп жатыр деп сеніммен айта аламын. Өкінішке орай, қоғамдастық пен БАҚ үшін шенеуніктердің теріс қылықтары туралы ақпарат тез әрі жиі тарайды. Осы ретте, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі, әрбір мемлекеттік органдағы біздің жүздеген әріптестеріміз өз жұмысына кәсіби, жауапты, шыншыл, кейде тіпті жанкештілікпен қызмет етуде деп айтр едім. Олардың ішінде талантты, білімді, отан сүйгіш жастарды ерекше атауға болады. Мемлекет Басшысының жастарға арналған әлеуметтік баспалдақтар қалыптастыру туралы тапсырмасы аталған бағыттағы жұмысты жандандырды. Бір орынға 53 жас өскін - бұл алғаш рет орын алып отырған құбылыс» - деді Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева.

 

АНЫҚТАМА

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіндегі мемлекеттік қызметшілер саны 116 қызметшіні құрайды, оның ішінде 4 саяси және 112 әкімшілік мемлекеттік қызметшілер. Олардың ішінде: 41% - ер азаматтар, 59% - әйелдер. 38% қызметшінің екі жоғары білімі болса, 7 адам - ғылым докторы және кандидаты ғылыми атағына ие, 7 адам «Болашақ» және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері болып табылады.

Министрлік қызметкерлерінің орташа жасы 32 жас. Мемлекеттік қызметтегі орташа еңбек өтілі - 9,8 жыл.

Басшылық құрамның орташа жасы 43, мемлекеттік қызметтегі орташа еңбек өтілі 13,5 жыл. Басшылық құрамның 40% әйелдер.

Министрлік ішіндегі мансаптық өсу бойынша соңғы үш жыл көлемінде жоғары тұрған лауазымға әрбір бесінші қызметші көтерілді.

12 ашық конкурс өткізілді. Конкурстағы жарияланған бір орынға орташа алғанда 21 адамды құрады.    

Соңғы жаңалықтар