1 айда 10 млн теңгеден астам сыйақы: Білім саласында заң бұзушылықтар анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Аудандық білім бөлімдерінің бірінде қызметкерлерге 1 айда 10 млн теңгеден астам сыйақы аударылған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты.
- Цифрлық трансформация аясында бюджеттік онлайн мониторинг енгізілді. Ол бюджет қаражатының жұмсалуына бақылауды күшейтуге бағытталған. Қазіргі уақытта білім беру саласының өзінде қаражатты жұмсау кезіндегі бұзушылықтардың алдын алу және тәуекелдерді анықтауда айтарлықтай оң нәтижелер бар. Жасанды интеллект элементтерін қолдану арқасында тәуекелді төлемдерінің сомасы 2024 жылы 307 млрд теңгеге және 2025 жылы 132 млрд теңгеге анықталды, - деді министр.
Мәселен, оның дерегінше, аудандық білім бөлімдерінің қызметкерлеріне бір айда 65 млн теңгеге дейін төлем жасалған немесе 10 млн теңгеден астам сыйақы аударылған.
- Тағы бір мысал, бір шот немесе бір жеке сәйкестендіру нөмірін көрсете отырып, әр түрлі адамдардың аты-жөнімен айына 66 төлем жасалған. Сонымен қатар, мониторинг жүйесі кеңейіп келеді. Ол тек білім беру саласын ғана емес, сонымен бірге денсаулық сақтау, мәдениет, туризм және спорт салаларын да қамтыды, - деді Мәди Тәкиев.
Айта кетейік, Үкімет отырысында 2025 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы талқыға салынды.