08:12, 11 Ақпан 2009 | GMT +5
Мадрид: Қазақстан Елшісі Испанияның бас прокурорымен кездесті
АСТАНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат –Қазақстан Елшісі Ерғали Бөлегенов Мадридте Испанияның бас прокуроры Кандидо Конде Пумпидумен кездесті,

деп хабарлады ҚазАқпаратқа сыртқы саясат ведомствосының баспасөз қызметінен. Әңгіме барысында дипломат Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдай және оның дамуы туралы, әлемдік қаржы дағдарысының салдарын еңсеру бағытында ел басшылығы қабылдап жатқан шаралар туралы, Қазақстанның халықаралық бастамашылықтары, қоғамдағы демократиялық жаңалықтар, ұлтаралық келісімдегі жетістіктер туралы әңгімелеп берді. Қазақстан Елшісі сондай-ақ, Президент Н.Назарбаевтың әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту және ядролық полигонды жабу туралы бастамашылығының маңызына ерекше тоқталып өтті. Елші Испания бас прокурорын сондай-ақ Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы қарсаңында былтыр қабылдаған және жетекші еуропалық елдермен, оның ішінде Испаниямен де стратегиялық серіктестер орнатуға бағытталған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасымен таныстырды. Айтқан мәліметтері үшін Қазақстан Елшісіне алғыс білдірген Испанияның бас прокуроры, испан-қазақстан саяси қатынастары ерекше деңгейде екендігі туралы дипломаттың сөзімен келісті және Испанияның прокуратура органдарының қазақстандық әріптестерімен ашық диалогқа әзірлігін қуаттап, осы бағыттағы ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға қолдау көрсетуге ниет білдірді.