Мадуро АҚШ-тың ықтимал шабуылына дайындықты күшейтті
АСТАНА. KAZINFORM — Венесуэла президенті Николас Мадуро АҚШ тарапынан мүмкін болатын шабуылға дайын болу үшін Әуе күштеріне тиісті бұйрық берді, деп жазады Анадолы.
Ұлттық БАҚ хабарламаларына сәйкес, Мадуро ел астанасы Каракаста өткен Боливариалық әуе күштерінің 105 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шараларға қатысып, АҚШ тарапынан елге төніп келе жатқан қауіп-қатерлерге қарсы әрекетке көшті.
Мадуро Әуе күштеріне «сақ болып, тапсырмаларды орындауға дайын болу» туралы бұйрық бергенін айтты, себебі Венесуэлаға шабуыл жасалуы ықтимал.
Мадуро шамамен 17 апта бойы әртүрлі қауіп-қатерлерге ұшырап келе жатқанын атап өтті.
— Империалистік шетелдік күштер (АҚШ) Кариб теңізінде, Оңтүстік Америкада және Венесуэлада бейбітшілікке үнемі қауіп төндіріп отыр. Олар жалған әрі асыра сілтелген дәлелдер келтіреді, бірақ оған ешқандай америкалық қоғам, әлемдік қауымдастық немесе мықты венесуэла халқы сенбейді, — деді ол.
Венесуэла басшысы ел өзінің жолынан таймай, намыс пен тәуелсіздігін құрбан етпей келе жатқанын алға тартты.
— Бүгінде Венесуэлада халқымызды қорқытатын ешқандай қауіп немесе агрессия жоқ. Бұл халық Боливардың басшылығымен өз отанын, жерін, теңіздерін, аспанын және тарихын қорғауға сабырлы түрде дайындалып жатыр, — деді Мадуро.
АҚШ-тың Cartel de los Soles ұйымына қатысты шешімі
АҚШ Мадуро мен жоғары лауазымды венесуэлалық шенеуніктер басқаратын қылмыстық ұйым Cartel de los Soles-ты шетелдік террористік ұйымдар (FTO) тізіміне енгізді.
Венесуэла Cartel de los Soles ұйымының бар екенін мойындамайды және АҚШ-тың бұл шешімін елдің ішкі ісіне араласу үшін сылтау жасау әрекеті деп бағалады.
АҚШ «Есірткі трафигімен күрес» желеуімен жіберген әлемдегі ең ірі USS Gerald R. Ford ұшақ тасығыш кемесі және соққы жасаушы топ Латын Америкасына жетті.
Оған жауап ретінде Венесуэла президенті Мадуро елде 4,5 миллион ерікті қорғаушыны мобилизациялағанын және кез келген шабуылға дайын екенін жариялады.
Бұдан бұрын АҚШ Венесуэла президентін лаңкестік ұйымның көшбасшысы деп санайтынын жазған едік.
Сонымен қатар Трамп Венесуэлада құрлықтағы әскери операцияның жүргізілу мүмкіндігін жоққа шығармады.
Венесуэланың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Росальба Ло Буэ Антико Kazinform агенттігіне эксклюзивті сұхбат беріп, АҚШ шабуылдаған қайықтардың есірткі картельдеріне қатысы жоқ екенін айтқан еді.