Макрон мен Шольц Еуропа үшін жаңа бағыт құруды жоспарлап отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Франция президенті мен ГФР канцлері АҚШ президентінің Еуроодақ тауарларына баж салығын енгізу қоқан-лоққылары тұсында Еуропаны күшті және тұрақты ету қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды Euronews.

Макрон мен Шольц
Фото: X / EmmanuelMacron

Эмманюэль Макрон сөзін Еуропаға бағыттап, бірлікті нығайтуға, көбірек амбиция мен батылдық танытып, тәуелсіз болуға шақырды. Бұл мәлімдеме Париждегі Елисей сарайында Германия канцлері Олаф Шольцпен кездесуінде жасалды.

Екі көшбасшы АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамптың ЕО импортына баж салығын енгізу қаупі жағдайында Еуропаны күшті және тұрақты ету қажеттілігі туралы айтты. 

— Біздің ұстанымымыз анық: Еуропа — шамамен 450 млн адам тұратын үлкен экономикалық кеңістік. Біз күштіміз және біртұтаспыз. Еуропа тайсалмай, жасырынбайды, керісінше, сындарлы және өзіне сенімді серіктес болады. Осы негізде біз АҚШ-пен және Американың жаңа президентімен табысты ынтымақтасатын боламыз, — деп мәлімдеді Олаф Шольц.

Макронның пікірінше, Париж мен Берлин трансатлантикалық байланыстарды сақтай отырып, өз мүддесін қорғауға қабілетті күшті Еуропаны құруда жетекші рөл атқаруы керек. 

Макрон француз-герман серіктестігі еуропалық күш пен тұрақтылықтың ең маңызды шарты болып қала беретінін атап өтті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Макрон армияны нығайту үшін жас еріктілерді тартуға ниетті екенін жазған болатынбыз.