Мал баққан неге байымайды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қазақ ауылдарының көпшілігінде баяғыдай қой қоздап, бота боздап, қорада шу болып жататын көрініс көзден бал-бұл ұшты. Тұрғындар таңертең төрт түлігін өріске айдап, кешке оны шаңы бұрқыраған көшеде күтіп алатын. Ауыл сонысымен қызық еді. Малды бағуға да, оны өсіруге де қазір құлшыныс жоқтың қасы. Түбін қазсаң, түрлі сылтау табылады. 

Мал баққан неге байымайды
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Қарыздан қарызға

Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының 1 мамыр күнгі мәліметіне сүйенсек, өңірде 398,1 мың мүйізді ірі қара, 746,2 мың қой мен ешкі, 288,8 мың жылқы, 67,2 мың түйе тіркелген. Азын-аулақ малды талғажау еткен ағайынды былай қойғанда, отар қой, табын сиыр, үйір жылқы ұстайтын шаруашылықтардың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып отырғаны шамалы.

Қазақстан Фермерлер қауымдастығы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, «Сыр сыйы» шаруа қожалығының төрағасы Нұрлан Биманов жиырма жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді.

— Көбі мал ұстаған адам бірден байып кетеді деп ойлайды. Қате түсінік. Ол үшін айналымда қомақты қаражат болуы керек. Кәсіп бастағанымда несие алған едім. Алайда, 2020 жылдың соңына таман ойламаған жерден 98 бас сиырымды жұт жалмап тынды. Несиені төлей алмай қалдым, қатты қиналғандықтан талай жауапты мекемеге барып, жанайқайымды жеткіздім. Сөзім дәлелді болу үшін ветеринарлық станциядан анықтама керек екен. Алайда ондағылар «бұл мәселе көрсеткішке теріс әсер етеді, облысқа малды кіргізе де, сыртқа шығара да алмай қаламыз, сіздің кесіріңізден бүкіл шаруа шулап кетеді» деп уәж айтты. Ешкімге зиянымды тигізбес үшін несиені әрең дегенде өзім төлеп құтылдым. Шаруашылық жұмысын аяққа тұрғызу мақсатында былтыр банктен тағы қыруар қарыз алдым. Одан құтылу үшін біз қайтеміз? Мал туған бойда төлін баспақ немесе жабағы күйінде, жетпеген жерін арықтау, кәрілеу малды сатып толтырамыз. Кәрі мал сатсақ, бір-екі бас ұрғашысын алып қаламыз. Мал басын осылай ұстаудан басқа амал жоқ. Малдың басын көбейтуден бұрын сақтай алсақ та сол пайда деп есептейміз, — деді Нұрлан Биманов.

Малшы жоқ, жайылым тапшы

Өңірдегі ірілі-ұсақты шаруашылықтардың бас ауруы — малшы тапшылығы. Өйткені ен далада мал бағуға ешкім құлықты емес. Әсіресе, жастар атакәсіптің азабынан қашады.

— Бүгінгі күні мал ұстап отырған адамдардың жасы алпыстан асып, жетпіске таяды. Образды түрде оларда жүз сиыр бар десек, бұған жету үшін шаруа отыз жыл уақытын сарп етті. Саналы өмірі малдың соңында жүрумен өтті. Енді оған артық ештеңенің керегі жоқ. Бала-шағасын асырауға жетсе болды, әрі қарай дамытуға ниет жоқ, қайраты қайтқан. Балалары әкесінің қандай ауыртпалыққа төтеп бергенін көріп өскендіктен оның жолын жалғайды деп айта алмаймын. Сондықтан мұндай азаматтардың тәжірибесін пайдалануға мемлекет мүдделі болуы керек, — деді экономист Ерұлан Өмірсеріков.

Фермерлер қауымдастығы филиалының басшысы айтқандай, мал бағу үшін отбасылы адамды табу қиынның қиыны. Алып-ұшып келген бойдақ жігіттердің өзі көпке шыдамайтын көрінеді. Әлеуметтік жағдайдың жасалмағанынан бөлек интернет тартпайтын жерде ешкім тұрғысы келмейді екен.

Мал шаруашылығының аяғына тұсау салып отырған тағы бір мәселе — елді мекендердегі жайылымның жеткіліксіздігі. Атакәсіпті ұзақ жыл Жалағаш ауданында дөңгелеткен Нұрлан Биманов жер құнарынан айырылғасын шаруашылықты іргедегі Сырдария ауданының Асқар Тоқмағамбетов ауылына көшіруге мәжбүр болыпты.

— Ауылда күріш егіп жатыр, сыртын қалың етіп қоршап қойған. Мал жаятын жер жоқтың қасы. Өзім білетін Жалағаш, Сырдария аудандарындағы мәселені айтайын. Падаға шығу үшін ауылдан берісі 15 шақырым қашықтыққа дейін жүру керек. Өйткені оған дейін күріштіктен босамайды. Енді есептеңіз, таңғы сағат 7-ден бастап қорадан шыққан қой-сиырыңыз өріске сағат 11-де, яғни түске жақын жетеді. Жолдан шаршап жеткен мал енді жайыла бергенде бақташы оны кері қайыруға мәжбүр. Осы себепті оның жегені бойына жұқпайды. Егер елді мекеннен 1-1,5 шақырым жерде жайылып жүрсе, малдың жағдайы жақсы болып, басы да көбейер еді, — деді ол.

Ауылдың жайын жақсы білетін Ерұлан Өмірсеріков жайылым мәселесін жеке кәсіпкер емес, ауыл әкімі реттеуі тиіс деп есептейді.

— 30-40 мың қойы бар ауылда ферма жыл он екі ай жұмыс істеуі үшін кем дегенде 2,5 млрд теңге керек. Бұл — Үкімет үшін болмашы ақша. Есесіне қой шаруашылығына 120 адам жұмысқа тартылады. Оған кем дегенде 30-40 шақты техника керек. Қой төлдеп, мал басы еселенеді. Қоң жинаған малды өткізіп, жүйелі жұмыс істеу үшін ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі үлгісін қолдаймын. Жайылымдық жерді жеке меншіктен алып, ауыл әкімінің құзырына өткізу керек. Өйткені шаруашылық иесі өзі сатып алған жерге басқа біреудің малын кіргізбейді. Ал жер демалуы керек. Қызылорданың географиялық жағдайында шаруалар көшіп-қонып отырмаса болмайды, — деді ол.

Барымтаға тоқтам болмай тұр

Еңбекші ауылдық округі — мал басының көптігі жөнінен Шиелі аудандағы алдыңғы қатардағы елді мекен.

— Ауылда мал жайылымы және пада мәселесі толық шешілген. Бақташы ретінде екі тұрғын қоғамдық жұмысқа тартылған. Олар күнделікті 350-ден артық ірі қараны кезекпен бағады. Әрқайсысы 250 мың теңге жалақы алады. Өкініштісі мал ұрлығы азаймай тұр. Оның көбі — пададан тыс, яғни өздері өріске жіберетін адамдардың малы, — деді ауыл әкімі Елдос Жүсіп.

Оның айтуынша, барымташылар былтыр күзден бері шамамен 25 малды қолды қылған. Мал ұрлығына облыс бойынша тосқауыл болмай тұрғанын тәртіп сақшылары да мойындап отыр.

— Қылмыстың тіркелу көрсеткіші өткен жылғымен қарайлас. Биыл 8 қылмыскерден құралған 2 топ құрықталды. Мал ұрлығы аудандарда жиі тіркелген. Қылмыскерлер арам пиғылын көбіне далада қараусыз жүрген түлікті айдап немесе сойып әкету схемасы бойынша жүзеге асырады. Ал қылмысты жасайтындардың ішінде жұмыссыздардың салмағы басым, — деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ермахан Әбдіраманов.

Полицияның мәліметінше, 137 ауылдық округтің 60-да немесе 43,7 пайызында ғана пада ұйымдастырылып, бақташымен қамтылған.

Қызылорда қаласындағы 8 ауылдық округтің 1-де, Шиеліде 22 елді мекеннің 4-де, Жаңақорғанда 25 ауылдың 4-де, Қармақшыда 11 ауылдың 2-де ғана мәселе шешімін тапқан. Жалағаш ауданында 15 ауылдық округ бола тұра бірде-біреуінде пада ұйымдастырылмаған.

— Мал ұрлығының алдын алу мақсатында белгіленбеген орындарда қараусыз жүрген мал иелеріне қатысты әкімшілік кодекстің 408-бабы бойынша 427 әкімшілік (2025 жылы 4 айда — 283) шара көрілген. Ветеринария қызметкерлерімен бірлесіп атқарған рейдтік іс-шаралар нәтижесінде кодекстің 406-бабы бойынша 162 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды, — деді департамент өкілі.

«Мемлекеттен қайран жоқ»

Kazinform тілшісі облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасынан мал шаруашылығына мемлекеттен қандай көмек барын сұрап білді.

— Асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау туралы № 108 қағидасына сәйкес мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Шопандарға мемлекеттік қолдау мақсатында отандық асыл тұқымды қой сатып алғанға 1 басына 26 мың теңге, бордақылау алаңдарына өткізілген әр еркек тоқты үшін 3 мың теңгеден, асыл тұқымды қой төлін өсіруге кеткен шығынның құнын арзандату үшін 1 басына 4 мың теңге субсидия нормативі бекітілген, — делінген ресми жауапта.

Бұған дейін біз Қазақстанда 2026-2030 жылдарға арналған Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп жатқанын, онда мал шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген малшылар мен шопандардың зейнет жасын төмендету, жастарды ауылда ұстап қалу және тұрғын үй мәселесін шешу көзделгенін жазған едік.