Малыш шыңында жарақат алған турист 3 мың метрден астам биіктіктен эвакуацияланды

АСТАНА. KAZINFORM – Алматы қаласындағы Мыңжылқы шатқалында құтқарушылар биік тауда жарақат алған туристі эвакуациялады.

в
Фото: Видеодан алынған скрин

ТЖМ мәліметінше, Медеу ауданындағы теңіз деңгейінен 3020 метр биіктікте орналасқан Малыш шыңынан түсу кезінде туристік топ құрамындағы 2007 жылы туған азамат жартастан құлап, жарақат алған.

Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар зардап шеккен туристі тауып, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін оны қауіпсіз жерге жеткізіп, Апаттар медицинасы орталығының мамандарына тапсырды.

Туристік топтың қалған үш мүшесі де құтқарушылардың сүйемелдеуімен қауіпсіз аймаққа жеткізілді. Оларға медициналық көмек қажет болмаған.

– Құтқарушылардың жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында турист дер кезінде эвакуацияланып, дәрігерлер қарауына берілді, – делінген ТЖМ хабарламасында.

Тауға шығар алдында бағытты мұқият жоспарлап, ауа райы болжамын тексеру және қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет.

Айта кетейік, кеше Алматы тауларында турист 3500 метр биіктіктен эвакуацияланған болатын.