Мамыр айының басында жел күшейіп, қар аралас жаңбыр жауады

АСТАНА. KAZINFORM – Мамыр айының басында Қазақстан аумағында барикалық құрылымдардың тез өзгеруіне байланысты ауа райы тұрақсыз болады деп күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлім етті.

Мамыр айының басында жел күшейіп, қар аралас жаңбыр жауады
Фото: Pixabay.com

Синоптиктер найзағайлы жаңбыр, желдің күшеюі, солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында түнде жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын болатынын болжаған.

2 мамырда республиканың оңтүстік-шығысында қатты жаңбыр, таулы аймақтарда – қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі.

Тек Қазақстанның оңтүстігінде ғана жауын-шашынсыз ауа райы болжануда. Солтүстік-батыста, солтүстікте, орталықта және оңтүстік-шығыста күндіз бұршақ жаууы мүмкін.

Батыс пен оңтүстікте шаңды дауыл күтіледі. Республика бойынша түнгі және таңғы сағаттарда тұман түседі.

Температуралық жағдайда күрт өзгерістер күтілмейді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облысының батысында, Алматы облысының орталығында, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының оңтүстігінде, Маңғыстау облысының солтүстік-шығысында, шығысында, орталығында, Ұлытау облысының орталығында, Жетісу облысының батысында, оңтүстігінде, Абай облысының солтүстік-батысында, оңтүстігінде жоғары өрт қаупі туындайтынын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар