МӘМС: Қызылорда облысында 144 ота тегін жасалады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қызылорда облыстық филиалының мәліметіне сүйсенсек, биыл өңірдің денсаулық сақтау жүйесіне 117,4 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның 57,1 млрд теңгесі тұрғындарға МӘМС аясында қызмет көрсетуге жұмсалды.

ота, операция
Фото: Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қызылорда облыстық филиалы

Жыл басынан бері медициналық ұйымдарда МӘМС есебінен 2 млн-нан астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілген.

– Қаржыландырудың қомақты бөлігі мамандандырылған стационарлық көмек көрсетуге және жоғары технологиялық оталарға жұмсалады. Медициналық мекемелерде биыл 5 айда 105 522 науқас стационарлық жағдайда емделген. Оның 86 мыңнан астамы МӘМС-тің мүмкіндігін пайдаланды. 16 мыңнан астам науқас күндізгі стационарда ем қабылдаған. МӘМС жүйесі шеңберінде 385 млн теңге қаражатқа 61 жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсетілген. Кардиохирургия мен нейрохирургия салаларындағы мұндай оталардың құны бірнеше миллионнан бастап 10 миллион теңгеге дейін жетеді. Жалпы, биыл қымбат бағалы әрі күрделі 144 отаны қаржыландыру жоспарланған, - деді филиал директоры Жақсылық Әбдусәметов.

Бүгінде Қызылорда облысында 686 мыңнан астам адамның «сақтандырылған» мәртебесі бар. Бұл – өңір тұрғындарының 83,3%-ы. Ал сақтандыру мәртебесі жоқ 137,5 мыңнан астам адамның 40,5 мыңнан көбі әлеуметтік осал топқа жатады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қызылорда қаласында тізе және жамбас буындарын алмастыру бойынша пациенттер хирургиялық араласудан бастап медициналық оңалтуға дейінгі ем-домды тегін ала алады. Мұндай жағдай МӘМС жүйесі арқылы сақтандырылған адамдар үшін қарастырылған.

Соңғы жаңалықтар