Мамырда Талдықорғанда инвестициялық форум өтеді
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың мамырында Талдықорғанда өңірдің инвестициялық форумы өтеді. Бұл туралы бүгін «Мемлекет басшысының 5 институттық реформасын жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты барысында аталған өңірдің басшысы Амандық Баталов мәлім етті.
«Ұлт жоспарының «Индустрияландыру және экономикалық өсім» үшінші бағытын жүзеге асыруда инвестиция тарту жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті болып табылады. Облыста өңірлік Инвесторлар кеңесі құрылды, инвестиция тарту жөніндегі Іс-шаралар жоспары әзірленді, «бір терезе» қағидасы бойынша инвесторларға қызмет көрсету Өңірлік орталығы жұмыс істейді», - деді А.Баталов.
Осы ретте өңір басшысы алдағы мамыр айында инвестициялық форум өткізіліп, оған отандық және шетелдік инвесторлар шақырылатындығын еске салып өтті.
«Бұл өте тиімді сұхбат алаңы болмақ, бұрын өткізілген форумдар қорытындылары бойынша қант қызылшасын, бақтарды қалпына келтіру, Алакөл көлінің жағалауын дамыту үшін ірі инвесторларды тартуға қол жеткіздік», - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ ол 100 қадамды жүзеге асыру аясында кәсіпкерлер үшін үлкен мүмкіндіктер туатындығын, рұқсат беру құжаттары қысқартылғанын, индустриялық аймақтарда жер телімдерін беру әрекеттері жеңілдетілгенін, инженерлік инфрақұрылымды дайындау жүргізіліп жатқанын баса айтты.