Мамырда Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жобасы енгізіледі - Дәурен Абаев

«Елбасы Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын қабылдауды тапсырғанын білесіздер. Осы арқылы цифрлық индустрияны, ІТ саланы дамыту мәселелері жолға қойылуы керек. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі бүгінгі күні бұл бағытта үлкен жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда, мемлекеттік бағдарламаның жобасын Үкіметке осы жылдың мамыр айында енгізуді жоспарлап отырмыз»,-деді Д. Абаев.
Бұдан бөлек, министр ведомство 1 300-ге жуық ауылды оптикалық-талшықты желімен қамтамасыз ету жобасын жүзеге асыруға кіріскенін жеткізді. Осы орайда 2 миллионнан астам адам кең жолақты интернетке қол жеткізетін болады. Аталған жоба мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қамтылады.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің ел халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын.
«Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл - маңызды, кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты. Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын. Біздің заңнамамызды жаңа жағдайға бейімдеу керек», - деді Елбасы.