«Мәңгілік ел» пойызы Балқашта болды (ФОТО)

Арнайы пойызды қала халқы 17 ақпан күні вокзалдан күтіп алды. Қарсы алуға Балқаш әкімі Александр Аглиулин қатысты. Кездесуде сөз алған «Мәңгілік ел» пойызының жетекшісі, ҚХА Кеңесінің мүшесі Әмілжан Әлпейісов жобаның мақсат, міндетін айтып берді.
Қонақтарды қарсы алу рәсімінен кейін пойыз құрамындағы мамандар мен сарапшылар тұрғындармен кездесіп, түрлі мәселелер бойынша кеңес берді. Медицина қызметкерлері қала тұрғындарын емхана мен балалар ауруханасында қабылдады. Сонымен қатар, бұл күні қоғамдық қабылдау жұмыс істеді.
«Қалалық тарихи-өлкетану мұражайында Ә. Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған ардагерлер мен жастардың кездесуі өтті. Пойыз өкілдері № 15 мектеп-лицейінде ұйымдастырылған педагогтар слетіне қатысты. Ол Ы.Алтынсариннің 175 жылдығына арналды», - деді ішкі саясат бөлімінен.
М.Хамзин атындағы мәдениет үйі Балқаштың этномәдени бірлестіктерінің таныстырылымын өткізіп, соңынан жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Еске сала кетейік, «Мәңгілік Ел» пойызы 15 ақпан күні Астанадан аттанды. Ол ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Пойыз құрамында түрлі ведомстволардың мамандары мен сарапшылары бар. Олар қазақстандықтарға бес институционалдық реформаның жүзеге асуын түсіндіреді. Пойыз Қазақстанның 33 елді мекеніне бармақ.