«Мәңгілік ел» пойызы Орал қаласында (ФОТО)

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Мәңгілік ел» пойызы бүгін Орал қаласына келді.

«Мәңгілік ел» пойызы Орал қаласында (ФОТО)

Пойызды темір жол вокзалынан батысқазақстандықтар қонақжайлылықпен қарсы алды. Осында өткізілген митингіде облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен меймандардың осынау мерекелі де берекелі істеріне сәттілік тіледі.

«Мәңгілік ел» пойызы штабының басшысы, ҚХА мүшесі Әміржан Әлпейісовтің атап өткеніндей, тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Елбасы тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған саяси маңызы зор шараның мақсаты - халық арасында болып, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысу, елдің өткенін зерделеп, бүгінін бекемдеу, болашаққа нық қадам басу. Ең бастысы, Елбасының «Мәңгілік ел» идеясын тұрғындарға жеткізу, көп ұлт өкілдері тату-тәтті тұратын Қазақстанның тұрақтылығы мен орнықты дамуына үлес қосу.

Астанадан бастау алып, осыған дейін Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе облыстарында, кеше Ақсай қаласында болған «Мәңгілік ел» пойызының құрамында министрліктер мен ведомстволардың, барлығы 100-ден астам саланың мамандары бар. Олар бүгін кешке дейін Оралда құқық, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, кәсіпкерлік, әлеуметтік және басқа салалар бойынша ақыл-кеңестерін береді. Мысалы, бір ғана медицина саласында жиырмадан астам жоғары білікті дәрігерлер емханаларда емделушілерді қабылдап, қызмет көрсетуде.

Шараға қатысушылар биыл пайдалануға берілген Достық үйінде Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы, этномәдени бірлестіктер жұмыстарымен танысты. Осында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы - тұрақты дамудың негізі» атты кеңейтілген кеңес өтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық альянстың қоғамдық қабылдауы ұйымдастырылды. Облыстық мәслихаттың үлкен залында «Мемлекеттік сатып алу туралы заңдағы негізгі бағыттар» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді. Сондай-ақ түрлі мәселелер бойынша кеңес беруге қоса ауыл шаруашылығы қызметкерлерімен, «КазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің студенттер сарайында «Мәңгілік ел жастары - индустрияға!» әлеуметтік жобасы бойынша колледжде білім алып жатқан жастармен кездесулер, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Өңірлік жастар ресурстық орталықтары мен жастар қоғамдық бірлестіктерінің жай-күйі мен даму болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы мәресіне жетті.

Пойыз сапары ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік концертпен қорытындыланады.

Еске сала кетейік, 15 ақпаннан бастап 33 күн ішінде 33 елді мекенде болуды көздеген «Мәңгілік ел» пойызы 18 наурыз күні Алматы қаласында Наурыз мейрамы қарсаңында өз жұмысын түйіндейді.
null
null