Маңғыстауда автогаз тұтынуы неге күрт артты
МАҢҒЫСТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысында автогазға сұраныстың күрт артуы мен жеткізу мерзімінің ұзаруына байланысты бірқатар жанармай құю бекетінде кезек пайда болды. Өңір билігінің мәліметінше, қазір сұйытылған мұнай газын жеткізу тұрақтандырылып, қосымша көлемдер бөлінген.
Маңғыстау облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының мәліметінше, өңір — сұйытылған мұнай газын ең көп тұтынатын аймақтардың бірі. Ай сайын облысқа шамамен 20 мың тоннаға дейін автогаз қажет. Ай сайын өңірге 18 мың тонна негізгі көлем және 1-2 мың тоннаға дейін қосымша көлем бөлінеді. Газ негізінен «Қазақ газ өңдеу зауыты» мен «Атырау мұнай өңдеу зауытынан» жеткізіледі. Сұранысты толық қамтамасыз ету үшін ҚР Энергетика министрлігінен ай сайын қосымша көлем сұралады.
Сұраныстың артуы мамыр-қыркүйек айларының аралығында байқалады. Бұған өңірдің туристік маусымына байланысты көлік қозғалысының артуы себеп. Бұл кезеңде жергілікті тұрғындармен қатар еліміздің өзге өңірлері мен шетелден келетін туристердің саны өседі.
28-29 маусым күні Қазақ газ өңдеу зауытында электр энергиясына қатысты мәселе туындап, өндіріс төмендеген.
— Аталған күндері Қазақ газ өңдеу зауытында тоқ мәселесі орын алып, өндіріс көлемі төмендеп кеткен, қазір қайта орнына келтірілді. Қазіргі таңда Қазақ газ өңдеу зауыты толық өндіріс көлемін беріп отыр. Сонымен қатар Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеу жұмысына байланысты мамыр, маусым айларында автогаз қосымша көлемдерін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ зауытынан бөлінді, — деп пікір білдірді кәсіпкерлік және сауда басқармасы.
Басқарманың дерегіне сәйкес, Маңғыстау облысында 185 487 автокөлік тіркелген. Оның 103 918-і немесе 56 пайызы газбен жүреді. Сонымен қатар соңғы үш жылда өңірге шетелдік транзиттік нөмірмен 22 354 автокөлік әкелінген. Олардың басым бөлігі де сұйытылған мұнай газын пайдаланады.
Маусым айына ҚР Энергетика министрлігі өңірге «Қазақ газ өңдеу зауытынан» 16 912 тонна, «Атырау мұнай өңдеу зауытынан» 1 088 тонна негізгі көлем, сондай-ақ «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-нан 1 512 тонна қосымша сұйытылған мұнай газын бөлген.
— «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-нан тиеп-жөнелту тек теміржол тасымалы арқылы жүзеге асырылады. Темір жол арқылы жеткізу 7 күннен жоғары уақытты құрайды, бұл көлік кезегінің пайда болуына өз әсерін тигізді. Қазіргі таңда 1 188 тонна көлеміндегі автогаз өңірдегі газ толтыру станциясына келіп, станцияларға таратылып жатыр, — деп толықтырды басқарма.
2026 жылдың шілде айына Маңғыстау облысына «Қазақ газ өңдеу зауыты» арқылы 17 476 тонна, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» арқылы 524 тонна негізгі көлем бөлінген. Сонымен қатар қосымша көлемді бірінші кезекте Атырау мұнай өңдеу зауытынан жеткізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында 600-ден аса автогаз құю станциясы жұмыс істейді.
Өткен аптада Атырауда да автогаз тапшылығы туындап, көрші өңірлерден қосымша көлем жеткізілген еді.
Жалпы энергетика министрлігінің мәліметінше, ішкі нарықта жазғы және туристік маусым кезеңінде тұтынушыларды тұрақты әрі үздіксіз қамтамасыз етуге жеткілікті көлемде мұнай өнімдерінің қоры қалыптастырылған.