Атырауда тапшылыққа байланысты көрші өңірлерден автогаз жеткізілмек
АТЫРАУ.KAZINFORM — Атырауда автогаз тапшылығына байланысты жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болды.
Кезек соңғы бірнеше күннен бері байқалып отыр. Жүргізушілер сұйытылған газды сағаттап күтуге мәжбүр болған.
26 маусымда Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы алдын алу жұмысы басталады. Тапшылық мәселесі осы жөндеумен байланысты.
Атырау облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметінше, осы айға «АМӨЗ» қорынан 2000 тонна газы бөлініп, субъектілермен тасымалданып бастады. Бұдан бөлек Ақтөбе облысындағы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-нан — 2 000 тонна, Орал қаласындағы «Жайықмұнай» мекемесінен 740 тонна газ жеткізілмек.
— Аталған көлемдерді ресми бөлу және құжат беру жұмыстары жүргізілген соң, логистикалық кестеге сәйкес вагондар және автокөліктер арқылы өңірге кезең-кезеңімен жеткізілу мерізімі шамамен 4-5 күн көлемінде уақытты талап етеді. Осы мезгілде қала және аудандардағы жекелеген автогаз құю бекеттеріндегі жағдайларды ескере отыра, түсіністікпен қарауларыңызды сұрайды, — деп мәлімдеді басқарма.
Айта кетейік, маусым айына Энергетика министрлігі тарапынан өңірге 6 909 тонна сұйытылған газ бөлініп, 25 маусымдағы жағдай бойынша бұл көлем толықтай тасымалданған. Ал шілдеге 6882 тонна қарастырылған.
Қазіргі уақытта Атырауда сұйытылған мұнай газын бөлу тәртібіне байланысты дау туындап, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасына қатысты тергеп-тексеру жүріп жатыр.
Жалпы Атырау облысына ай сайын 12-13 мың тонна автогаз қажет.