Атырауда автогазды дұрыс бөлмеді деген күдікпен басқарма тергеліп жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда сұйытылған мұнай газын бөлу тәртібіне байланысты дау туындап, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқарманың әрекеттеріне құқықтық баға берілмек.
Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, тергеп-тексеру сұйытылған мұнай газын бөлу және жеткізу жоспарын қалыптастыру кезінде жергілікті атқарушы органдардың әрекеттеріне жүргізілген талдау нәтижесінде қолға алынған.
Бұған дейін департамент басқарманың атына бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілерінің бар екендігі туралы хабарлама жолдаған. Алайда белгіленген мерзім ішінде хабарламада көрсетілген талаптарды орындау бойынша тиісті шаралар қабылданбаған. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тергеп-тексеру басталды.
Қазіргі уақытта құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын растау немесе жоққа шығару мақсатында материалдарды жинау және талдау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, мынадай ықтимал фактілер тексеріліп жатыр:
• нарықтың жекелеген қатысушыларына артықшылықтар мен жеңілдіктер беру;
• жекелеген нарық субъектілері үшін артықшылықты жағдайлар жасау;
• бәсекелестерге қатысты кемсітушілік жағдайлар қалыптастыру.
- Тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 194-бабы 2-тармағының 9-тармақшасына сәйкес жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданады, - деп мәлімдеді агенттік.
Бұған дейін елде тауарлық газды тиімді пайдалану үшін халыққа арналған әлеуметтік тұтыну нормаларын белгілеу ұсынылғанын жазған едік.