Маңғыстауда әзербайжан ұлтының өкілі қазақ тілінен сабақ береді

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау өңірінде тұратын ұлт пен ұлыс өкілдерінің басым көпшілігі қазақ тілін жетік меңгеріп, қазақ халқының дәстүрін берік ұстанады. Соның бірі Ақтауда тұратын әзербайжан қызы Самира Абдуллаева қазақ тілін қалай жетік меңгеруге болатыны туралы тәжрибесімен бөлісті.

Самира Абдуллаева
Фото: Самира Абдуллаеваның жеке мұрағатынан

Самира Абдуллаева 1998 жылы отбасымен бірге Әзербайжаннан қоныс аударған. Әзербайжан қызы қазақ топырағына қоныс аударғанда шеттетпей, қонақжайлықпен қабылдаған қазақ халқына үлкен алғысын білдірді.

«Бастапқыда мен қазақ тілін білген жоқпын. Тілді еркін меңгеремін деп мақсат қойдым. Біздің әзербайжан тілі мен қазақ тілінің арасында ұқсастық бар. Себебі олар түркі тілінің тобына кіреді. 1998 жылы Әзербайжанның Гянджа қаласынан отбасымызбен білім алу мақсатында көшіп келгенбіз. Қазақстанға келгеннен бері мемлекеттік тілді үйреніп, еркін меңгеріп, мақсатыма жеттім. Ақтаудағы медициналық колледжді, Ш. Есенов атындағы университетті тәмамдадым. Ақтауда түрлі салада қызмет еттім. Өз жұмысыңды жақсы біліп, мемлекеттік тілде сөйлесең, табиғатты қорғасаң әр адамға еркін өмір сүруге болады деп ойлаймын», — деді ол.

Самира Ақтауда этно-мәдени бірлестіктермен жұмыс істеу бөлімінің басшысы болған. Ол Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Звира Түгелқызы қазақ тілін меңгеруіне көп септігін тигізгенін айтып өтті.

«Қазақ Ақтаудағы мектептердің бірінде медбике болып жұмыс істеймін. Жұмыстан тыс уақытта қазақ тілінен сабақ беремін. Інім жеке спорт залын ашқан. Соның іргесінде қазақ тілі сыныбын ашып, өзге ұлттарға ана тілді үйретіп жүрмін. Менің көптеген оқушыларым бар. Ұлттарына қарамай маған қазақ тілін үйретесіз бе десе, мен бас тартпаймын. Дүйсенбі, бейсенбі күндері қазақ тілінен сабақ беремін. Оқушыларым мені 27 сәуірде туған күніммен қазақ тілінде құттықтады. Бұл мен үшін үлкен құрмет», деді ол.

Сонымен қатар, ол қазақ тілін қалай еркін меңгеруге болатынымен де бөлісті. Маңғыстау өлкесі қазақтың тілі мен салт-дәстүрін жетік ұстанған. Осының да қазақтың жан дүниесін терең түсініп, тілді меңгеруге септігі үлкен дейді ол.

«1998 жылдан бері мен күніне бір сөзден жаттай бастадым. Қазақ тілі өте бай тіл. Оның барлық сөзін меңгеруге көптеген жылдар кетеді. Әр өңірдің диалектілері де әр түрлі. Басқа аймақтардың да сөз қолданысын меңгердім. Мысалы, көлік дөңгелегін Ақтауда „аяқ“, оңтүстікте „дөңгелек“, басқа жақта „доңғалақ“ дейді. Бұл сөздерді қазақ тілін үйреніп жүрген өзге ұлт өкілдері түсінбей қалып жатады. Қазақ тілімен қатар салт-дәстүрді де меңгердім. Біздер әзербайжандар да қонақжай ұлтпыз. Бірақ ең күшті салт-дәстүр қазақта. Себебі үйге кірген кез келген адамға ауыз тиіңіз дейді. Бұл дәстүр ешбір елде жоқ. Шынымды айтсам бұл мені ерекше таң қалдырады», — деп ағынан жарылды.

Самираның отбасында бәрі қазақ тілін жақсы біледі. Інісі қазақ қызына үйленген. Самир Абдуллаев ережесіз жекпе-жектен еліміздің туын көтеріп, бірнеше халықаралық жарыста жүлдегер атанды. Осылайша әзербайжан ұлтының өкілдері қазақтың салт дәстүрін насихаттап, қазақтың туын биіктерге желбіретіп жүр.

Соңғы жаңалықтар