Маңғыстауда Бекет ата жерасты мешітіне баруға жолға шыққан адамдар құтқарылды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі Маңғыстау облысында 7 адамның құтқарылғанын хабарлады.

Маңғыстау облысында Бекет ата мешітіне шыққандар құтқарылды
Фото: видеодан салынған скрин

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, кеше Қарақия ауданы аумағында, Жаңаөзен қаласынан 137 шақырым жерде орналасқан Бекет-Ата жерасты мешіті маңында төрт адамды іздестіру мақсатында іздестіру-құтқару жұмыстары ұйымдастырылды.

Белгілі болғандай, азаматтар автокөлікпен Бекет-Ата жерасты мешітіне жолға шыққан. Жолда олардың көлігі батпақты массаға батып қалып, салдарынан өздігінен қозғалысты жалғастыра алмай, байланысқа шыға алмаған.

Адамдардың жоғалғаны туралы туыстары «112» пультіне хабар берген.

- Бүгін жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде барлық төрт адам «Қазавиақұтқару» ТЖМ тікұшағының көмегімен әуеден Бекет-Ата жерасты мешітінен шамамен 30 шақырым қашықтықта анықталып, аман-есен құтқарылды. Сонымен қатар, жүргізілген жұмыстар барысында автокөлікпен жолға шығып, Бекет-Ата жерасты мешітінен 20 шақырым жерде батпаққа батып қалған тағы үш адам эвакуацияланды, - делінген хабарламада.

Барлық эвакуацияланған азаматтар тікұшақпен Бекет-Ата маңындағы қону алаңына жеткізілді. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ.

Осыған дейін Сәтбаевта өрттен ер адам мен төрт бала құтқарылғаны туралы жаздық.