Маңғыстауда бетін тұмшалаған 50 шақты адамға ескерту жасалды
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстаулық полицейлер тұрғындарға бет-әлпетті жабуға тыйым салатын заң талаптарын түсіндіріп жатыр. Шара барысында шамамен 50 адамға ескерту жасалған.
— Әзірше ескерту беріліп жатыр. Содан кейін 10 АЕК, яғни, 39320 теңге көлемінде айыппұл салынады, — делінген хабарламада.
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері бірлесіп, халық көп шоғырланатын орындарды аралап, тұрғындарға заң талаптарын егжей-тегжейлі түсіндіріп жүр. Олар азаматтарға қоғамдық орындарда бет-жүзді тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге болмайтынын айтып, ақпарат берді.

Аталған шектеулер құқықбұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті сақтап, қауіпсіздікті күшейтуге арналған.
Бұған дейін, Атырауда бет-жүзін бүркемелеген 11 адам жауапқа тартылған болатын.