Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Маңғыстауда екі жасөспірім мектеп оқушысын соққыға жығып, видеоға түсірген

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысында екі жасөспірім мектеп оқушысын аяусыз соққыға жығып, болған оқиғаны ұялы телефонға түсірген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

төбелес
Фото:freepik.com

Жәбірленушінің әпкесінің айтуынша, інісі таңертең дүкенге шыққан кезде оны 16-17 жастағы екі жасөспірім күтіп тұрған. Олар мектеп оқушысын танысына қоңырау шалып, сыртқа шақыруға мәжбүрлеген. Алайда шақырылған жасөспірім сыртқа шығудан бас тартқан соң, күдіктілер баланы соққыға жығып, әрекеттерін бейнежазбаға түсірген.

Осы жағдайдан кейін жәбірленуші ауруханаға жеткізілген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала жабық бас-ми жарақатын алған. 

— 2026 жылғы 4 тамызда 14 жастағы жасөспірім басынан жарақат алып, облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Тексеру нәтижесінде оған жабық бас-ми жарақаты, бас миының шайқалуы, сондай-ақ бет аймағының теріасты гематомалары диагнозы қойылып, нейрохирургиялық бөлімшеге жатқызылды. Науқасқа қажетті диагностикалық тексерулер толық жүргізілді. Бас миының компьютерлік томографиясында (КТ) ми тарапынан органикалық зақымдану анықталған жоқ. Қазіргі уақытта науқасқа тиісті ем көрсетіліп, дәрігерлердің тұрақты бақылауында, — делінген хабарламада.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша адамдар тобы жасаған бұзақылық фактісімен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. 

— Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, заңды өкілдерімен бірге полиция бөлімшесіне жеткізілді. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін олардың заңды өкілдері қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ материалдар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды, — деп хабарлады ведомстводан.

Полицияның мәліметінше, адамдар тобы жасаған бұзақылық Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ауыр қылмыс санатына жатады және ол үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Бұған дейін, Ақтауда қызға зорлық көрсетемін деп қорқытқан ер адам 30 тәулікке қамалды.