Маңғыстауда кен орнында мұнайды заңсыз өндіру туралы ақпарат тексеріліп жатыр
АҚТАУ. KAZINFORM — 11 тамызда әлеуметтік желіде Маңғыстау облысындағы «Долинное» кен орнында мұнайды заңсыз өндіру және ілеспе газды атмосфераға шығарып жатқаны туралы бейнежазба жарияланды.
Онда жұмысшылардың бірі кен өндіруші компания тарапынан жасалып жатқан заңбұзушылықты жариялады. Ол заңсыз мұнай өндірумен қатар, газдың далаға жіберіліп жатқанын, салдарынан аумақты жағымсыз иіс жайлағанын айтқан.
Осыдан кейін облыстық экология департменті «Долинное» кен орнында мұнайды заңсыз өндіру және ілеспе газды атмосфераға шығару туралы ақпаратты тексеріп жатқанын хабарлады. Ал аталған кен орнын «Емір-Ойл» ЖШС игеріп жатыр.
— Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде тараған ақпарат Маңғыстау облыстық экология департаментінің бақылауына алынды. Көрсетілген мән-жайларды жан-жақты анықтау үшін жоспардан тыс тексеру жүргізу мәселесі қаралады. Анықталған фактілерге экологиялық және құқықтық баға беріледі. Заңнама талаптарының бұзылғаны анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады, — делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысы Жетібай ауылы маңындағы қоқыс полигоны екі күннен бері тұтанып жатқанын жазғанбыз.