Маңғыстауда Жетібай ауылы маңындағы қоқыс полигоны екі күннен бері тұтанып жатыр
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы Жетібай ауылының маңындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында қоқыс екінші күн қатарынан тұтанып жатыр. Салдарынан елдімекен аумағын түтін басқан. Қазіргі уақытта бықсыған өртті толық сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны Жетібай ауылынан шамамен 10 шақырым жерде орналасқан. Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаевтың айтуынша, қоқыстың тұтануына ауа райының қатты ысуы себеп болуы мүмкін.
— Соңғы күндері ауа температурасы өте жоғары болып тұр. Соның салдарынан бос шыны ыдыстар күн сәулесінің әсерінен тұтанған болуы мүмкін деп болжап отырмыз. Қазір тұтанып жатқан аумақ топырақпен көміліп жатыр. Жұмысқа жергілікті коммуналдық қызметтер мен мұнай компанияларының тиегіштері және самосвалдары жұмылдырылды, — дейді аудан әкімі.
Қоқыстың тұтануын жою жұмыстарына қатты жел кедергі келтіріп отыр.
Маңғыстау облыстық экология департаментінің мамандары 11 тамызда Жетібай ауылында атмосфералық ауаға аспаптық өлшеу жүргізіп, сынама алған. Нәтижесінде ауа құрамындағы көміртек тотығының мөлшері шекті рұқсат етілген концентрациядан асқаны анықталған.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше полигондағы өрт 9 тамыз күні таңертең болған. Өрт болған аумақтың жалпы көлемі 170 шаршы метрді құрады.
Бұған дейін, Маңғыстаудағы Қызылсай ұлттық паркіне кіру бағасы өзгергенін жазған болатынбыз.