Маңғыстаудағы Қызылсай ұлттық паркіне кіру бағасы өзгерді
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысының әкімдігі ерекше қорғалатын табиғи аумақтар көрсететін қызметтердің жаңа тарифтерін бекітті. Жаңа бағалар айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты белгіленген.
Жаңа қаулыға сәйкес, «Қызылсай» ұлттық паркі аумағында көрсетілетін бірқатар қызмет құны өзгерді. Мәселен, 20 адамға дейінгі топқа экскурсия жүргізу қызметі тәулігіне 1,8 АЕК, ал жолсерік қызметі 0,9 АЕК болады. 16 адамға дейінгі топқа арналған «Газель NEXT» көлігін жалдау құны тәулігіне 15,9 АЕК көлемінде белгіленген.
Сонымен қатар ерекше қорғалатын аумаққа келушілердің жекелеген санаттарына жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері және оларға теңестірілген азаматтар, еңбек ардагерлері, сондай-ақ 6 жасқа дейінгі балалар аумаққа тегін кіре алады.
6-17 жас аралығындағы мектеп оқушыларына 50 пайыздық, ал күндізгі бөлімде оқитын студенттерге 25 пайыздық жеңілдік беріледі.
Айта кетейік, жаңа тарифтерді бекітуге байланысты бұған дейін қолданыста болған 2021 және 2026 жылдардағы қаулылардың күші жойылды.
Бұған дейін, Ақтауда «Алтын белгісіз» қалған түлектің ісі министрлікке дейін жетті.