Маңғыстауда соңғы жол учаскелерінің бірі жөнделіп жатыр
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстауда жөндеуді қажет еткен соңғы ірі автожол учаскелерінің бірі жаңартыла бастады. Форт-Шевченко – Таушық – Шетпе бағытындағы 70 шақырымдық жолды орташа жөндеуге бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
«Қазавтожол» ұлттық компаниясы облыстық филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоба аясында жолдың ескі асфальт жабыны алынып, жаңа асфальтбетон қабаттары төселеді. Сонымен қатар жол жиектері нығайтылады. Қазірдің өзінде ескі жабындыны алу жұмыстары 50 шақырымнан астам аумақта жүргізілген. Жолдың төменгі қабатына асфальтбетон төсеу жұмыстары да жалғасып жатыр. Жобаны келесі жылға дейін аяқтау жоспарланған.
Форт-Шевченко – Таушық – Шетпе жолының жаңаруы өңірде елдімекендер арасындағы қатынасты жақсартып, жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кететін жәйт, Қазір Маңғыстаудағы автожолдардың 95 пайызы жақсы жағдайда. Аталған жоба аяқталғаннан кейін жолдар 100 пайыз жақсы жағдайға келтіріледі.
Бұған дейін Маңғыстауда ауыр жүк көліктеріне жазғы шектеу енгізілді.