Маңғыстауда тәулігіне 50 мың текше метр су тұщыландыратын зауыт салу жоспарланып отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстау облысында тәулігіне 50 мың текше метр су тұщыландыратын зауыт салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытуға арналған халықаралық инвестициялық диалогта Қазақстандық МЖӘ орталығы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Айдос Көбетов мәлімдеді.

Маңғыстауда тәулігіне 50 мың текше метр су тұщыландыратын зауыт салу жоспарланып отыр
Фото: pexels

Оның айтуынша, жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылады.

— Маңғыстау облысында тәулігіне 50 мың текше метр су тұщыландыратын зауыт салу жоспарланып отыр. Бұл жобаны Дүниежүзілік банктің Халықаралық қаржы корпорациясы сүйемелдеп жатыр, — деді Айдос Көбетов.

Спикердің айтуынша, аталған жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен айқындалған ерекше маңызы бар жеті ірі жобаның қатарына кіреді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жалпы құны 3 трлн теңгеден асатын 1300 келісім жасалғаны хабарланған еді.