Маңғыстаудағы радиоактивті қалдықтар нысандары бақылауға алынды
АҚТАУ. KAZINFORM - Маңғыстау облысында уран мұрасы объектілерін қауіпсіз оңалту мәселелері талқыланды.
Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин халықаралық ұйымдар мен шетелдік әріптестердің өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді.
Атап айтқанда, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің, Норвегияның радиациялық қауіпсіздік агенттігінің және Еуропалық комиссияның өкілдерімен кездесу өтті.
Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу, уран мұрасы объектілерін оңалту, ұлттық инфрақұрылымды жетілдіру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру үшін халықаралық техникалық, қаржылық және сараптамалық қолдауды тарту мәселелері талқыланды.
Маңғыстау облысына сапары шеңберінде Ғұмар Серғазин Маңғыстау облысы әкімдігінің өкілдерімен бірлесіп «Қошқар-Ата» қалдық қоймасына, бұрынғы Химия-гидрометаллургия зауытының аумағына және уран карьерлеріне барды. Сапар барысында объектілердің ағымдағы жай-күйі, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар, сондай-ақ оларды одан әрі зерттеп-қарау, оңалту және ұзақ мерзімді мониторингті ұйымдастыру шаралары қаралды.
Өткізілген кездесулер халықаралық әріптестердің Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады. Қол жеткізілген уағдаластықтар ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің ұлттық жүйесін жетілдіруге және уран мұрасы объектілерін қауіпсіз оңалтуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға ықпал ететін болады.
Айта кетелік СІМ Иран уранын Қазақстанда сақтау бастамасына пікір білдірген еді.