Маңғыстаулық 200 құтқарушы үш өңірдегі жұмысын жалғастырып жатыр
АҚТАУ. KAZINFORM - Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің 200 қызметкері су басқан облыстардағы ТЖ жою жұмыстарына жұмылдырылып отыр.

Өңірдің ТЖД мәліметінше, Маңғыстаудан Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы су тасқынымен күресу үшін барлығы 200 қызметкер, 19 техника, 7 қайық, 6 құтқару шеңбері, 2 квадрокоптер және 28 мотопомпа жіберілген.

«Қалыптасқан жағдайға байланысты өңірлік құтқарушылар 25 наурыздан бастап Ақтөбе облысында, 28 наурыздан бастап Батыс Қазақстан облысында, 9 және 12 сәуірден бастап Атырау облысында ТЖ жоюға жұмылдырылды. Құтқарушылардың басты міндеті - адамдарды, төрт түлікті құтқарып, эвакуациялау, егжей -тегжейлі шараларды жүргізу және материалдық құндылықтарды қорғау болды. 912 адам (оның ішінде 252 бала) эвакуацияланды және 5 азаматқа медициналық көмек көрсетілді» деп жазылған департамент таратқан ақпаратта.

Бүгінгі таңда маңғыстаулық құтқарушылардың қатысуымен 530 926 текше метр су сорылды.
Инертті материал салынған 167 975 қап және 800 метр полиэтилен пленка дайындалып, төселген.
Осыған дейін Ақтауда Атырау облысынан эвакуацияланғандарға арналған қоғамдық көмек штабы ашылған болатын.
Сонымен бірге, Маңғыстаудан Атырауға арнайы техникалар жөнелтілді.
