Ақтауда Атырау облысынан эвакуацияланғандарға арналған қоғамдық көмек штабы ашылды

Штаб
Фото: Маңғыстау облыстық қоғамдық коммуникация қызметі

АҚТАУ. KAZINFORM - Қоғамдық штаб мүшелері су тасқыны салдарынан эвакуацияланған Атырау облысының тұрғындарына көмек көрсетеді.

Өңірлік қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, штаб құрамына облыс, қала, аудан мәслихаттарының төрағалары мен депутаттары, саяси партиялардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары сынды 30-ға жуық адам еніп отыр.

Қазір штаб мүшелері түрлі бағыттар бойынша жұмыс істеуді бастады. Штаб басшысы Аят Сүгірбайдың сөзінше, эвакуацияланған азаматтарға ақпараттық және құқықтық қолдау көрсету жұмыстары қолға алынған.

«Біз өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға қолдау көрсетуді басты мақсат деп санаймыз», — деді Аят Сүгірбай.

Ол штаб қызметінің негізгі бағыттарының бірі — азық-түлік бағасының мониторингі екенін де атап өтті. Осыған орай Аят Сүгірбай барлық кәсіпкерлерді бағаны көтермеуге шақырды.

«Кәсіпкерлерден әлеуметтік жауапкершілік танытуды және апат аймағынан эвакуацияланған азаматтардың мәселелеріне түсіністікпен қарауды сұраймын. Бұл жағдайды бағаны негізсіз көтеру үшін пайдалануға болмайды. Біз ел тарихындағы осы қиын кезеңнен лайықты өтіп, барлық қиындықтарды жеңетінімізге сенімдімін», — деді Аят Сүгірбай.

Штаб өкілі Жылыой ауданындағы тасқын судан зардап шеккендерге көмек қолын созығысы келетіндер азық-түлікті қабылдау орындарына әкеп тапсыруға болатынын жеткізді.

Кеше су тасқынының алдын алу бойынша Маңғыстаудан Атырауға арнайы техникалар жіберілген болатын

Сондай-ақ, Жаңаөзен қаласынан арнайы техникалардан құралған көмек бригадасы Құлсарыға аттанды

Соңғы жаңалықтар